Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы қоғамда кітап оқу мәдениетінің қайта оралғанын атап өтіп, маңызды жүйелі шаралардың қабылданатынын мәлімдеді.
Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған құттықтауында Президент кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайтынын атап өтті. Әсіресе, жастардың кітапқа деген қызығушылығына ерекше назар аударды.
- Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мерекелік құттықтау тек ізгі тілектермен шектелмейді. Алдағы екі апта ішінде Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қояды.
Құжатта мынадай бағыттар бойынша нақты шаралар айқындалады:
кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау;
оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасау;
елдегі баспа ісін қолдау.
Бүгін, 09:17