Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кеңейтілген отырыста Тоқаев алдымен екі елдің ортақ тарихына тоқталды.
"Біз – Еуразиядағы ежелгі көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Қазақ пен моңғол – тарихы ортақ, достығы жарасқан, тамыры бір, салт-дәстүрі ұқсас халықтар. Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береді", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент Моңғолия басшысының мемлекеттік сапары екі елдің қарым-қатынасын бекемдей түсуге жол ашатынына сенім білдірді.
"Оған қажетті ерік-жігеріміз және ниетіміз бар. Сауда-экономикалық әлеуетіміз де жеткілікті. Мен 2024 жылғы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарымды ерекше сезіммен еске аламын. Сапар аясында көптеген уағдаластыққа қол жеткізіп, маңызды құжаттарға қол қойдық. Соның нәтижесінде екі жақты қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Моңғолия арасында тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өнеркәсіп саласында нақты жобалар да іске қосылады.
"Бүгін елордамызда қазақ-моңғол бизнес форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компания қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз", - деді Тоқаев.
Екі елдің басшысы Астана мен Ұланбатыр арасында тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға да келісті.