Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуды көздейді

16.07.2026

Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемде аграрлық сала түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын айтып, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарға ғана емес, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға байланысты екенін атап өтті.

Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның соңғы екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинағанын еске салып, мұны заманауи технологиялар мен тиімді басқарудың нәтижесі деп бағалады.

Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығын цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның аясында дрондар, спутниктік мониторинг және дәлме-дәл егіншілік технологиялары кеңінен енгізілуде.

Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп "ақылды ферма" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық цифрлық қадағалау жүйесі әзірленіп жатқанын айтты.

Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Орталық Азиядағы жетекші AgriTech орталығына айналуды жоспарлап отыр.

Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және жеткізу инфрақұрылымы да жаңғыртылып жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Соның ішінде заманауи логистика орталықтары, автоматтандырылған және тоңазытқышпен жабдықталған қоймалар бар. Жалпы, осы салада түбегейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалуда. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью