Тоқаев Қазақстанның соңғы жылдардағы басты жетістіктерін атады

23.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі. Жиын барысында Президент кейінгі 5 жылда өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі 45 пайыздан асқанын атап өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеріліп жатқанын қадап айтты.

"Соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр. Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық", - деді Президент.

Президенттің сөзінше, автокөлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады.

"Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады. Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Соңғы жеті жылдың ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын да тигізіп жатқанын атап өтті.

"Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылуда. Бұл маңызды жұмыс ары қарай жалғасады", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жыл ішінде бірнеше ондаған мың шақырым автомобиль және теміржол салынғанын және жөнделгенін атап өтті.

"Жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатыр. Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды. Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артуда. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық", - деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысып жатқанын айтты.

Президент елордада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейтінін еске салды. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асқан.

"Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью