Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания қызмет етіп жатқанын атап өтті. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Сербия президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
"Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастаманы жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін, – деді Александр Вучич.
Ол Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалайтынын жасырмады.
"Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді", – деп толықтырды Вучич.
Сербия президенті қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыруға зор әлеует бар екеніне назар аударды.
Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді жоғары бағалап, мұны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.
© Photo : АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
© Photo : Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттады.