Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына үндеу жолдады

07.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларға құттықтауын жариялады.

"Осы уақыт ішінде Қызылжар өңірі дамудың даңғыл жолынан өтіп, шежірелі өлкеге айналды. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймағының бірі саналады. Дихандарымыз егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр. Аймақта ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі, машина жасау салалары қарқынды дамып келеді. Инвестициялық жобалар қолға алынып, өндіріс орындары іске қосылды. Мұның бәрі халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің одан әрі өркендеуіне ықпал ететіні анық", - делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өңірде күрделі кезеңде ел бірлігін сақтап, даналық пен көрегендік символына айналған әйгілі Абылай ханның ізі қалғанын еске салды.

Солтүстік Қазақстаннан халқымызға, сондай-ақ бүкіл әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет саласының аса көрнекті өкілдері, еңбек ардагерлері, көптеген құрметті тұлғалар, әйгілі спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шықты", - деп атап өтілген құттықтауда.

Таяуда ұлт дамуының темірқазығы саналатын Жаңа Конституция заңды күшіне енгені атап өтілді.

"Бас құжатта халқымыздың сан ғасырлық арман-мұраты мен келешекке бағдар болатын мызғымас құндылықтары нақты көрініс тапты. Ата Заңды қабылдауға аймақ жұртшылығы да белсене қатысып, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Облыста түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достық дәстүрін сақтап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Берекелі өңір барлық жетістікке азаматтардың жасампаздық қуатының арқасында қол жеткізіп келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігін еселеуге атсалыса бересіздер деп сенемін", - делінген құттықтауда.

Сонымен қатар, Президент іс-шараға қатысушыларға амандық, толағай табыс тіледі.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью