Тоқаев түркі елдерінің ғалымдарын Ясауи халықаралық форумына атсалысуға шақырды

30.10.2026

Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөйлеген сөзінде түркі елдерінің ғалымдарын Ясауи халықаралық форумына атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселесі де әріптестіктің маңызды бағытының бірі екенін айтты.

"Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған "Мәңгілік ел" орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға қарасты құрылымдар да іргелі істер атқарып жатқанын айтты.

Президент түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше екенін айтып, биыл Қазақстанда "Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өткенін мәлімдеді.

"ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселесіне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумын, сондай-ақ Түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының жиынын өткіземіз. Ғалымдарымызды осы іс-шараларға белсене атсалысуға шақырамыз", – деді мемлекет басшысы.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью