Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған Атырау және Ұлытау облыстарының әкімдерін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер туралы баяндады.
Кездесуде экономиканы әртараптандыру, инженерлік желілерді жаңғырту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, экологиялық ахуалды оңалту және республикалық деңгейде қолдауды қажет ететін жобаларды іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Мемлекет басшысы әкімге Атырау өңірінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді және халықтың тұрмыс сапасын арттыруды тапсырды.
Ал Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндады.
"Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп әлеуетін көтеру, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға сапалы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ басым жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды", - деп жазылған хабарламада.
Кездесу соңында мемлекет басшысы облыстың орнықты дамуын қамтамасыз етуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Еске сала кетейік, Атырау және Ұлытау облыстарының әкімдері 17 шілдеде тағайындалды.