Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жүрек дерті дендеп барады: 229 мыңнан астам науқас есепте тұр
Жүрек – қантамырлар жүйесіне үздіксіз қан айдап, ағзаны оттегімен қамтамасыз ететін маңызды мүше. Жұдырықтай ғана жүректің адам ағзасындағы рөлі орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Алайда секунд сайын тоқтаусыз соғатын бұл мүшенің де сыр беретін сәттері болады. Жүрек өзіне жүктелген негізгі қызметін толық атқара алмай, түрлі ауруларға жол ашады. Асқынған жүрек-қантамыр дерттерінің ең ауыры – созылмалы жүрек жеткіліксіздігі.
Фото: Наиль Хисамутдиновтың жеке мұрағатынан— Жүрек жеткіліксіздігі – жүректің қан айдау қызметі әлсіреп, ағзаның қажеттілігін қамтамасыз ете алмай қалатын жағдай. Соның салдарынан қан мен сұйықтық ағзада жиналып, ентігу, тез шаршау және аяқ-қол ісінуі сияқты белгілер пайда болады. Негізгі себептеріне артериялық гипертензия, жүрек аурулары, сондай-ақ соңғы кезде жиілеген энергетикалық сусындардың әсері және генетикалық факторлар да жатады. Аурудың 4 сатысы бар: A – қауіп факторлары болады; B және C – жүректе өзгерістер болып, белгілер көрінеді; D – асқынған кезең, мұнда дәрі-дәрмек жеткіліксіз болып, хирургиялық ем қажет болуы мүмкін, — деді кардиолог Наиль Фанилович.
Бүгінде елімізде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 229 мың 525 адамға жетті. Ал осыдан бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 117 мың 305 адамды құраған, яғни өсім 95,7 пайызға артқан.
— Соңғы бес жылда жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған науқастар саны айтарлықтай артты. Бұл ауруды ерте анықтау деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. Осы бағытта жұмыс жалғасуда: кардиологтер мектебі ұйымдастырылып, UMC мамандары еліміздің барлық өңірлерінде дәрігерлерді ерте диагностика, эхокардиография және аурудың үдеу белгілерін дер кезінде анықтауға үйретіп жүр, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар арасында жиі тіркеледі. Науқастардың орташа жасы 40 пен 56 жас аралығында. Дерт ер адамдар арасында көп кездеседі. Мамандар мұны зиянды әдеттердің кең таралуымен байланыстырады. Атап айтқанда, темекі шегу, алкогольді ішімдік ішу және энергетикалық сусындарды пайдалану.
Жүрекке тірек болған технология – LVAD
Елімізде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды есепке алып, электронды түрде тіркеу үшін «Амандық» мобильді қосымшасы әзірленген. Қазіргі таңда жүйеде 51 мың пациент бар, олардың шамамен 16 мыңы — дерттің ауыр сатысындағы науқастар. Аталған пациенттер мемлекет есебінен заманауи ем ала алады. Ал дерттің ауыр сатысы қандай?
Коллаж: Kazinform— Жүрек жеткіліксіздігінің ең ауыр түрі — терминальды саты. Бұл кезеңде науқастың жағдайы күрт нашарлап, ағза дәрілік емді толық қабылдай алмайды. Сол жақ қарыншаның жиырылу қызметі күрт әлсірейді. Терминальды жүрек жеткіліксіздігі кезінде жоғары технологиялық хирургиялық әдістер қажет. Соның бірі — жүрек трансплантациясы. Тағы бір тәсіл — сол жақ қарыншаға көмекші қанайналым жүйесін (LVAD) имплантациялау, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Елімізде диагноздың соңғы сатысында науқастарға Left Ventricular Assist Device (LVAD) аппараты орнатылады. Құрылғы сол жақ қарыншаның жүктемесін азайтып, қан айналымын механикалық түрде қамтамасыз етеді. Қазақстанда бұл жүйе алғаш рет 2014 жылы енгізілді. Ал құрылғының өзі АҚШ-та әзірленіп, 2008 жылдан бастап медицинада қолданылып келеді.
Фото: pexels.com— Бұл құрылғы көп жағдайда трансплантацияға дейінгі «көпір» ретінде қолданылады. Аппаратты алуға формалды кезек жоқ. Құрылғы науқастарға жалпы кезек тәртібімен емес, тек қатаң медициналық көрсеткіштер негізінде орнатылады. 2011 жылдан бері Қазақстанда 650-ден астам LVAD құрылғысы имплантацияланған, - деп мәлімдейді ведомство.
Жүрек өз бетінше жеткілікті деңгейде қан айдай алмаған кезде, LVAD құрылғысы оның қызметін ішінара алмастырады. Мұндай әдіс көбіне донорлық жүрек күтіп жүрген немесе жүрек трансплантациясына қарсы көрсетілімі бар науқастарға қолданылады.
— Құрылғыны орнату 3-4 сағатқа созылған күрделі операция арқылы жүзеге асады. Ота барысында жүректің сол жақ қарыншасының ұшына помпа орнатылады. Оның ішіндегі арнайы ротор үздіксіз айналу арқылы ағзада қан айналымын тұрақтандырады. Бұл сорғыш электр қуаты арқылы жұмыс істейді. Сол себепті операция кезінде құрылғыны сыртқы қуаттағышпен байланыстыратын арнайы кабель орнатылады. Кабель кеуде қуысының ішкі бөлігімен жүргізіліп, дененің сыртына кіндік тұсынан шығарылады. Сыртқа шығарылған бөлігі батареяларға қосылады, — деді кардиолог Наиль Фанилович.
Жүрекке жалғанған құрылғы толықтай қуат көзіне тәуелді. Сондықтан науқастар аппараттың қуаттағышын «13-ші мүшесіндей» үнемі өзімен бірге алып жүреді. Оның салмағы шамамен 3 келіні құрайды. Ал батареялардың қуаты шамамен 18–20 сағатқа жетеді. Кезекпен ауыстырып отыру үшін қосымша батареялар да беріледі екен. Себебі, жүрекке қажетті тоқ берілмесе, сорғыш қызметін тоқтатады.
Фото: Самал Өміржанқызының жеке мұрағатынанLVAD: Қазақстанда жыл сайын 40–50 ота жасалады
Министрлік мәліметіне сәйкес, елде 650-ден астам адамға LVAD аппараты орнатылған. Оның ішінде балалар да бар. Мысалы, имплантация кезінде ең жас науқас 8-де, ең егде науқас 76 жаста болған. Ал 2025 жылы жүрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы науқастарға 46 ота жасалды. Жалпы, жыл сайын бұл диагнозы бойынша орташа есеппен 40–50 операция жасалады.
— Бір имплантацияның және кейінгі еммен қамтамасыз етудің құны орта есеппен 65–70 миллион теңгені құрайды. Алайда бұл жоғары технологиялық медициналық көмек мемлекет есебінен толық тегін көрсетіледі. Соңғы 2 жыл ішінде Қазақстанның үш орталығында жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау жүргізілуде, сондай-ақ бұл операция түрі Жамбыл облысында (Тараз қаласы), Шымкентте және Алматыда да қолжетімді болды, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Самал Өміржанқызы - осыдан екі жыл бұрын жүрек жұмысына қолдау көрсететін LVAD аппаратын орнатқан. Кейіпкеріміз Астана қаласының тұрғыны. Айтуынша, операцияға дейін оның денсаулығы бір жыл бойы біртіндеп нашарлаған. Ауа жетпей, үнемі ентігіп, ұйқы режимі бұзылған.
Фото: Самал Өміржанқызының жеке мұрағатынан— 2024 жылы күн сайын ентігу, бас айналу, жүрек айну, тершеңдік мазалай берді. Ауа жетпеген соң қорқып, отырып ұйықтайтын жағдайға жеттім. Емханаға бардым, дәрігерлер біраз уақыт нақты диагноз қоя алмады. Алғашында өкпе маңында тромб бар деген болжам айтты. Бір күні есімнен танып, құлап қалдым. Ауруханаға жеткенімде дәрігерлер жүрекпен мәселе бар екенін айтып, шұғыл түрде жүрек орталығына жіберді. Ал UMC жүрек орталығының мамандары мені бірден палатаға жатқызды. Бір сағаттың ішінде барлық қажетті анализдерді алды. Сол күні кешке дәрігерлер жүрегімнің қатты кеңейіп кеткенін, қан айдау қызметі төмендегенін айтты, - деді ол.
Әрине, адамның ішін тіліп, өмір сүруіне тікелей әсер етіп тұрған жүрекке сорғыш жалғау – оңай іс емес. Күрделі операция алдында дәрігер де, науқас та мұқият дайындықтан өтеді.
— Дәрігерлер бұл жағдайда тек LVAD аппаратын орнатуға болатынын айтты. Аппаратсыз бір апта немесе бір ай ғана өмір сүруім мүмкін екенін ескертті. Туыстарымнан келісім алды, ата-анам бірден келісті. «Ең бастысы аман болса болды» деді. Қазанның 8-і күні нақты диагноз қойылып, отаға дайындық басталды. Екі апта тексерістен өттім. Қазанның 18-і күні таңғы 7:30-да операция басталды. Ол 16:30-да аяқталып, есімді кешкі 18:00 шамасында жидым, - деді Самал Өміржанқызы.
Кардиолог айтқандай, жүрек тұсына орнатылған сорғыштың кабелі кеуде ішінен өткізіліп, кіндік тұсынан сыртқа шығарылады. Кабельдің ұзындығы шамамен 1 метрге жетеді. Мұндай күрделі операциядан кейін науқастың күнделікті тірлікке бейімделуі қиын.
— Операциядан кейінгі алғашқы күндер өте қиын өтті. Кеуде тұсым тілініп, тігістерім ашып, қозғалуым қиынға түсті. Бірақ соған қарамастан тыныс алуым бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Жансақтау бөлімінде 3–4 күн жатқаннан кейін палатаға ауыстырылдым. Жаныма күтуші алдыртты. Жалпы, ауруханада 20 күн ем қабылдадым. Осы уақыт ішінде маған және күтушіме аппаратты қолдану, батареяны ауыстыру, жараны күту және инфекциядан сақтану жолдарын толық үйретті, - деді Самал Өміржанқызы.
Жүрекке жалғанған құрылғыға тұрақты күтім қажет
Самал Мұқанованың сөзінше, отадан кейін күйзеліске түскен сәттері жиі кездескен. Жүрегіне жайғасқан құрылғы да арнайы күтімді қажет еткен. Бірақ бұл ретте арнайы координатор-мамандар қолдау көрсетеді екен.
— Жүрек пен қан айналымына байланысты күніне 10–14 түрлі дәрі ішуге тура келеді. Себебі қан қоюланып кетсе, аппаратқа артық жүктеме түседі. Құрылғыға байланысты арнайы медбикелер болады, оларды координаторлар деп атайды. Егер аппаратта қандай да бір түсініксіз ақау байқалса, бірден хабарласамыз. Олар телефон арқылы жедел жауап беріп, қажетті көмекті көрсетеді, - деді ол.
Құрылғы денеден сыртқа шығарылғандықтан, науқастардың бүйір тұсында ашық өтпелі аймақ қалады. Бұл дегеніміз инфекция қаупі жоғары. Сондықтан науқастар әрдайым сақтықта жүреді. Дәрігер тарапынан да арнайы шектеулер қойылады.
— Жараны үнемі күтіп, уақытылы таңып отыру қажет. Егер инфекция ішке өтсе, жағдай күрделенеді. Әсіресе ыстық күндері сыртқа шықпауға тырысамын, өйткені терлеу кезінде инфекция түсу қаупі жоғары. Таңғыш тұрғанымен, сыртқы әсерден толық қорғай алмайды. Сонымен қатар 3–5 килограмнан артық салмақ көтеріп жүрекке күш түсіруге болмайды. Мұның бәрі әрқашан есінде болады. Себебі жүрегім арнайы құрылғы арқылы жұмыс істеп тұрғанын сезінесің, - деді Самал Мұқанова.
Үздіксіз медициналық қадағалау
LVAD аппаратын орнатқан әр науқас жіті бақылауда болады. Операциядан кейін әр үш ай сайын толық тексерістен өтеді. Кейін жылына бір рет жоспарлы амбулаториялық тексеру жүргізіледі. Бұл кезде науқастар 3–4 күн ауруханада жатады. Сонымен қатар, кардиологтың айтуынша, онлайн бақылау жүйесі де бар.
— Біз науқасты мобильді қосымша арқылы онлайн режимде тұрақты бақылап отырамыз. Олар күн сайын өз көрсеткіштерін: қан қысымы, пульс, сорғы параметрлері мен талдау нәтижелерін енгізеді. Дәрігерлер бұл деректерді талдап, қадағалайды. Сонымен қатар науқаспен және оның туыстарымен онлайн байланыс жүргізіліп, ем мен құрылғының жағдайы қаралады. Сондай-ақ 6 минуттық жаяу жүріп өту тесті арқылы науқастың физикалық қалпына келу динамикасы бағаланады. Жалпы, науқас пен күтушінің эмоционалдық жағдайы да тұрақты түрде бақылауда болады, - деді кардиолог Наиль Фанилович.
Самал Өміржанқызы LVAD аппаратын қолданып өмір сүріп келе жатқанына 1,5 жыл болған. Күндіз қуаты азайған сайын батареяларын ауыстырып отырады. Ал түнде құрылғыны тікелей электр желісіне қосып, ұйықтайды. Оның айтуынша, бұл құрылғымен өмір сүрудің оң тұстары да бар.
Фото: Самал Өміржанқызының жеке мұрағатынан— Қазір жүрегім электр қуатымен жұмыс істеп тұрғандай. Қуаттағышты ауыстырған сәттің өзінде-ақ жүрек соғысы бірден сезіліп, дүрсілдей бастайды. Қызық... Операциядан кейін айтарлықтай көп өзгерістер болды: бас ауруы, жүрек айну, ентігу сияқты белгілер жойылды. Ұйқы қалыпқа келіп, күн тәртібім реттелді, жүйке жүйем де тыныштала бастады. Жүрген кезде де ентікпеймін, - деді ол.
Әрине, тұла бойыңды тоққа жалғап тұрған аппараттың да өз кедергілері болады.
— Кей кездері дискомфорт сезіледі. Адам көп жиналатын жерлерге, той-томалақтарға барудан тартынамын. Себебі кеудемнен сыртқа шығып, батареяға қосылған құрылғыны біреу байқамай қағып кете ме деп алаңдайсың. Осындай жағдайлар өз-өзіңе белгілі бір шектеу қоясың. Үйден шыққанда қосымша батареяны ұмытпау аса маңызды. Сол себепті әр қадамыңды алдын ала жоспарлап жүруге дағдыланасың, - деді Самал Мұқанова.
Науқастарға I топ мүгедектігі тағайындалады
Жүрегіне LVAD құрылғысы орнатылған жандарға, жағдайының ауырлығына байланысты, I топ мүгедектігі тағайындалады. Бұл тұста науқастар мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдауға ие болады.
— Бірінші топтағы мүгедек мәртебесін алу да өзіндік ерекше сезім тудырады. Үйде отырып, басқалар сияқты жұмыс істей алмау оңай емес. Бірақ, мемлекет тарапынан да қолдау бар: жағдайыма байланысты арнайы күтуші жалдауға жәрдемақы беріледі. Күтуші күнделікті таңу жұмыстарын жасап, көмектеседі. Жұмысқа жарамсыз болғандықтан, әлеуметтік қолдау қарастырылған. Сонымен қатар аппарат орнатылғаннан кейін бірінші топтағы мүгедек ретінде тіркелдім, - деді Самал Өміржанқызы.
Отадан кейін жүрек қызметі қалпына келіп, көптеген науқас жаңа өмірге қадам басады. Олардың басым бөлігі еңбекке араласып, отбасылық және әлеуметтік өмірге қайта оралған.
Елімізде 198 адам жүрек трансплантациясы кезегінде тұр
Ресми деректерге сәйкес, елімізде 350-ден астам науқас сол жақ қарыншаны қолдайтын LVAD құрылғысымен өмір сүріп жатыр. Отадан кейін бір жыл өткен соң науқастар жүрек трансплантациясына арналған донорлық кезекке қойылады. Қазіргі таңда кезекте 198 адам тұр. Оның 192-сі ересектер болса, 6-уы — балалар. Мамандардың айтуынша, донор тапшылығы елдегі өзекті мәселе.
Фото: pexels.com— Жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастар саны қолжетімді донор органдарынан әлдеқайда көп, бұл күту мерзімін ұзартады. Күту уақыты науқастың жағдайына, қан тобына, дене көрсеткіштеріне, операцияның шұғылдығына және үйлесімді донордың болуына байланысты бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан донорлық мәдениетті дамыту, халықтың ақпараттануын арттыру және трансплантация жүйесін жетілдіру аса маңызды, - деп мәлімдейді ведомство.
Мамандардың айтуынша, LVAD құрылғысымен 15 жылға дейін өмір сүріп жүрген науқастар бар. Мысалы, 2011 жылы жүрек тұсына сорғыш орнатылған пациентке былтыр жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Ал соңғы бес жылда бұл диагноздағы 68 науқасқа жүрек трансплантациясы жүргізілген. Самал Өміржанқызы да жарты жыл бұрын донорлық кезекке қойылған.
— Дәрігерлер барлық ағзаны толық тексерістен өткізеді. Содан кейін арнайы базаға тіркеліп, донорлық күту тізіміне қосады. Менің қан тобым үшінші, оң. Қазір жақсы жаңалық күтіп жүрмін. Сол уақытқа дейін осы аппараттың көмегіне сүйенемін. Дәрігерлер кей жағдайларда өз жүрегінің қызметі қалпына келіп жататын сәттер де болатынын айтады. Бәлкім, сондай бір ғажайып болар. Үміт үзбеймін, - деді ол.
Қорыта келгенде, кардиолог мамандардың айтуынша, жүрек ауруларының себептеріне бейжай қарауға болмайды. Сондықтан зиянды әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану — аурудың алдын алудағы негізгі талаптардың бірі.