Торғай өңірін өркендету жоспары

11.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет қаулысымен бекітілді. Аталған Жолдауда Торғай өңірін кешенді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту қажеттігі белгіленген.

Үш жылдық жоспар 10 негізгі бағыт­тағы 51 іс-шараны қамтиды. Олар: өнер­кәсіп пен көлік, туризм мен спорт, агроөнер­кәсіптік кешен, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жылу және электр­мен жабдықтау, су бұру, азаматтық қауіпсіздік.

Іс-шаралар өндірістік әлеуетті дамы­туға, инженерлік әрі әлеуметтік инфра­құрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ инвес­тиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасауға бағытталған.

Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту­ға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік пен инвес­тициялық белсенділікті қолдау­ға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Арқалық қаласында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олардың ішінде 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин мен биоактивті сүйек матрицасын шығара­тын зауыт салу, 10 мың бас қойға арнал­ған мал шаруашылығы кешенін, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу. Бұдан бөлек, құрама жем зауытын пайда­лануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрика­сын кеңейту мен жаңғырту жоспарланып отыр.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов биылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру көзделгенін хабарлады. Қазір іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.

«Біз барлығын жоспарлы мерзімде іске асыру үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Олардың ең бастысы — Арқалық әуежайының құрылысы. Бүгінде қаржыландыру арқылы әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолау­шылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу толық қамтамасыз етілді. Жұмыс қатаң түрде кестеге сай жүргізіліп жатыр. Биылғы тамызда нысан пайдалануға беріледі. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвестициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашады», деді Қ.Ақсақалов.

Сонымен қатар Арқалықта абаттандыру жұмысы жүргізіліп, бос тұрған ғимарат­тар қалпына келтіріліп жатыр. Аулаішілік аумақтар мен вокзал маңындағы алаңдар жөнделіп жатыр. Қалада университет ғима­ратын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Сондай-ақ Жезқазған – Арқалық автожолын жөндеу жұмысы соңғы кезеңге өтті.

«Arkalyk QUS» ЖШС құс фабрика­сының тең құрылтайшысы Максим Божко кәсіпорынды екі сатылы жаңғырту жобасын таныстырды. Бұл өндіріс көлемін екі есеге – жылына 150 миллионнан 300 миллион жұмыртқаға дейін ұлғайтуға жол ашады.

«Биыл біз 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пайдалануға беруді, өзіміздің құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн дана құс үйі іске қосылады. Екі кезеңді жүзеге асыру қорытындысында құс фабрикасының қуаты жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде шамамен 250–270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар», деді кәсіпкер.

Кеңес қорытындысында вице-премь­ер Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға облыс әкімдігімен бірлесіп қаражатты уақтылы игеру мәселесін қатаң бақылауда ұстауды және инвесторларға жоспарланған жобаларды нақты іске қосу үшін барлық қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью