Төрткүл : көпестерге құт болған мекен

04.04.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Жалпы, ерте дәуірлерден-ақ Тараз сыртқы елдер­мен сауда және мәдени байлан­ыстар арқы­лы тығыз қатынас орнатқан. Ар­хео­логиялық қазба жұмыс­тары шаһардың ежелгі орнында түрлі өркениеттің болғанын ай­қын дәлелдейді. Солардың бірі – «Төрткүл» керуен сарайы. Бұл кешен IX ғасырда ірге көтеріп, 4 ғасыр бойы сауда орталығына айнал­ған. Керуен сарайының жалпы аумағы 100 шаршы метр­ден аса­ды. Қорғандарының биік­тігі шамамен 5 метрді құраса, қал­­ыңдығы да сол мөлшерге жуық. Қорған айналасында төрт мұнара орналасып,  оңтүстік және сол­түстік жағында 8 метр­лік екі қақ­па салынған. Негізгі қақ­па­ның екі шетіндегі төрт бөл­меде қолданбалы өнер шеберха­на­лары жұмыс істеген.

Кешенде қонақүй, жүк таси­тын түйе мен жылқыларға арнал­ған қоралар, сонымен қатар түрлі затты сақтайтын қоймалар қа­рас­тырылған. Бұл жерлерде керуендер мен олардың құрамын қарақшылардан қорғауға арнал­ған арнайы жасақтар да қызмет атқарған екен.

Кешендегі көптеген сарай екі бөліктен тұратын дуалмен қор­шалған. Дуалдар тік төртбұр­-ыш­ты пішінді болып, ішкі алаң­қай­лары әртүрлі мақ­саттағы бөлмелермен жабдық­талған. 

«Төрткүл» керуен-сарайына зерттеу жұмыстары өткен ғасыр­дың 80-жылдарынан жүргізіле бастады. Қазақстан Ғылым ака­демиясы Ш. Уәлиханов атын­дағы Тарих, археология және этнография институтының Тараз археологиялық экспедициясы алғаш болып кешен аумағына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологтар алғашында қаланың салыну жобасын анық­тады. Сондай-ақ қазба жұмыс­тары кезінде табылған бағалы заттар да кешеннің керуен сарай болғанын растайды. Қазба кез­інде табылған қыш бұйымдар­дың өңделу тәсілі керуен сарай­дың XI-XIII ғасырларға жататы­ны­ның айғағы саналады.

Араға 20 жылдан астам уақыт салып Жамбыл облысы әкім­дігінің Мәдениет және құжат­тама, архивтер басқармасымен «Төрткүл» керуен сарайына ғы­лыми-зерттеу жұмыстары қайта жүргізілді. Қазба жұмыс­тары кезінде керуен сарайдың мәдени қабаттары анықталды. Сол се­кіл­ді археологиялық жәді­гер­лерді дәйек етіп алып, нысан­ның іргетасы қаланған уақыты ай­қын­далды. Мәдени қабат­тардың негізінде «Төрткүлдің» іргетасы қайта тұрғызылып, жеке­леген бөліктеріне қайта қал­пына кел­тіру жұмыстары жүр­гізілді. Бертін келе керуен сарай­да қазба жұмыстары жал­­ғасып, оның ашық аспан ас­ты мұра­жайының жобасы әзір­ленді. Нәтижесінде, 2010 жылы «Төрт­күл» керуен сарайы ашық аспан астындағы музей болып іске қосылды.

Тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау және қал­пына келтіру дирекциясының дирек­торы, өлкетанушы Сауран Қалиевтің айтуы бойынша, кеш­ен аумағынан мешіттің де орны табылған екен. 

– Зерттеу жұмыстары бары­сында нысанның дуалдары орта­ғасырлық қалаларға тән топы­рақ­тан (пақса) салынғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның аума­ғынан ХХ ғасырдың бас­ында салынған мешіттің орны анық­талды. Сонымен қатар түрлі қыш ыдыс, арабша жазуы бар мыс тиындар, жебе ұштары, үз­еңгі секілді ат әбзелдері, бөлмеде орна­ласқан қазан ошақтары, сақтау қоймалары табылып, бар­лығы Алматыдағы археология институтына жіберілді. Кейін олар арнайы зертханалық зерт­теуден өткізіліп, облыстық муз­ейдің сақтау қорына тап­сы­рыл­ды. Бүгінде тарихи нысан тол­­ық­­­тай мемлекеттің  қорғау­ын­да, – дейді Сауран Қалиұлы.

Керуен сарайынан мешіттің табылуы кездейсоқтық емес. Өйткені ел арасында бертінге дейін «Төрткүл» орнын «ескі мешіт» деп атаған. Кей дерек­терге сүйенсек, мұнда Керімбай болыс салдырған мешіт пен медресе орналасқан. Алайда дінсіздік жайлаған Кеңес Одағы тұсында бұл орын астық, тыңай­т­қыш сақтайтын қоймаға айна­лып кеткен. Өткен ғасыр­дың 60-жылдары тозығы жеткен мешіт­ті бұзып тастаған көрінеді. 

Міне, осындай тарихы терең, тағылымы мол «Төрткүл» біраз уақыт қараусыз қалған болатын. Соның салдары­нан еліміздегі жалғыз аспан ас­тындағы мұра­жайының қабыр­ғалары опыр­ылып, қойылған мү­с­індердің сұрқы қашты. Сондай-ақ темір бұйымдарды тат басып, нысан­ның есігіне қара құлып салынды. Алайда былтыр Тараз қаласы әкімдігі нысанды өз теңгеріміне алып, қайта қал­пына келтіруге кірісті. Нәтиже­сінде, биыл та­рихи жәдігерді жаң­ғырту  жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс мердігері – «Ай-Дин Тараз құрылыс» ЖШС. 

– Жаңғырту жұмыстары аясында кешеннің тарихи-сәу­леттік келбетін сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байлан­ысты нысан қабырғалары ар­найы таңдалған материалдармен күш­ейтіліп, безендірілуде. Айта­лық, сыртқы бөліктері Өзбек­станның Самарқанд қаласынан әкелінген кірпішпен қапталып, ауласына Жамбыл жерінде шы­ғарылатын жергілікті тастар төселеді. Қазір құрылыс алаң­ында 80-нен астам жұмысшы еңбек етуде. Жөндеу жұмыстары белгіленген жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жа­тыр. Былтырғы жылдың соңына таман басталған жаңғырту жұ­мыс­тарын биыл шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді мердігер компанияның учаске басшысы Елдос Бегім­баев. 

Керуен сарайында қазір қол­ға алынға  ілкімді істерге әулие­аталықтар да дән риза. Солардың қатарында Тараз қаласының тұрғыны Бибігүл Үсіпбаева да бар. 

– Кешен ең алғаш ашылғанда қалаға сән де беріп тұрушы еді. Онда ағылған оқушылар мен тур­ис­тердің қарасы қалың бола­тын. Алайда уақытылы күтім жасалмағандықтан, сарай шаты­ры тесіліп, жаңбыр жауса, іші суға толып қалатын. Электр желі­лері де үзіліп, QR коды қирап жатты.  Дегенмен биыл қайта қалпына келтіру жұмыс­тары басталғанын естіп қуандым. Себебі «Төрткүл»  қатардағы көп нысанның бірі ғана емес,  ол – біздің өткенімізден сыр шертіп, тарихымызды көзбен көріп, сезінуге мүмкіндік беретін ерек­ше орын. Осындай кешендер өскелең ұрпаққа рухани азық беріп, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Балаларымыз кітаптан ғана емес, осындай орындар арқылы да тарихты таныса, әсері әлдеқайда терең болары сөзсіз. Сонымен қатар бұл туристерді тартуға да үлкен ықпал етеді. Қаламызға кел­ген қонақтар осындай тарихи кешендерді аралап, өңіріміздің бай мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Сондықтан «Төрткүл» сияқты нысандарды күтіп-баптап, заман талабына сай жаңғыртып отыру – өте маңызды әрі құптарлық іс, – дейді шаһар тұрғыны.

Иә, алдағы уақытта кешен­нің толық іске қосылуы өңірдің тур­истік әлеуетін арттырып, Тараз­дың тарихи келбетін ай­шықтай түсері сөзсіз. Ең басты­сы, осын­ дай игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып, тарихи орындарға деген жанашырлық қоғамның ортақ жауапкерші­лі­гіне айналуға тиіс. Сонда ғана бабалар аманаты болашақ ұр­пақ­қа бұзылмай, маңызын жоғалтпай жетеді.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью