Трамп: федералдық полиция демократтар басқаратын қалаларға көмектесуді тоқтатады

01.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

«Мен Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмге нашар басқарылып отырған демократиялық қалалардағы наразылықтар немесе тәртіпсіздіктерге байланысты құқық қорғау операцияларына ешбір жағдайда қатыспайтынымыз жөнінде нұсқау бердім. Біз тек сол қалалар өздері бізден көмек сұраған жағдайда ғана араласамыз», деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Оның айтуынша, федералдық меншіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету — жергілікті биліктің тікелей міндеті.

«Біз ол жерде тек федералдық меншікті қорғау үшін қосымша күш ретінде ғана боламыз, өйткені бұл — жергілікті билік пен штаттың міндеті», деп атап өтті АҚШ президенті.

«Егер жергілікті билік бүлікшілермен, арандатушылармен және анархистермен өз бетімен күресе алмаса, біз көмектің қажет болған жеріне дереу барамыз және жағдайды өте оңай әрі жүйелі түрде реттейміз. Лос-Анджелестегі тәртіпсіздіктер кезінде өткен жылы дәл солай әрекет еттік», деп жазды Трамп.

«Сондықтан барлық шағым айтып отырған жергілікті билік өкілдеріне, губернаторлар мен мэрлерге айтарым: дайын болған кезде бізге хабарлаңыздар, біз сол жерге барамыз. Бірақ бұған дейін сіздер «өтінеміз» деген сөзді қолдануларыңыз керек», деп қосты ол.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы қажет болған жағдайда бұл мақсаттар үшін қарулы күштер де пайдаланылуы мүмкін екенін атап өтті.

«Ешкім біздің офицерлеріміздің бетіне түкірмейді, оларға жұдырық жұмсап, тепкілемейді, көліктеріміздің шамдарын сындырмайды және машиналарымызға немесе патриот жауынгерлерімізге тас не кірпіш лақтырмайды. Егер осындай болса, ондай адамдар салдары үшін тең немесе одан да ауыр дәрежеде жауап береді», деп түйіндеді АҚШ президенті.

Қаңтардың ортасында президент Миннесота штатының билігіне егер олар заңсыз мигранттарға қарсы операция жүргізіп жатқан АҚШ Иммиграция және кеден қызметі (ICE) қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды тоқтатпаса, XIX ғасырдағы көтерілістерді қарулы күштер арқылы басу туралы заңды қолданатынын айтып қорқытқан еді. Нақтылай түссек, 1807 жылы қабылданған заң туралы болып отыр, ол мемлекет басшысына ел ішінде қарулы күштерді пайдалануға құқық береді.

Айта кетейік, Трамп Кубадан төнген қауіпке байланысты АҚШ-та төтенше жағдай жариялады.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью