Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Оның айтуынша, тараптармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 10 күндік бітім жариялау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.
– Мен Ливан президенті Жозеф Аун және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өте нәтижелі келіссөздер өткіздім. Екі ел көшбасшысы бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында 10 күндік атысты тоқтату режимін ресми түрде жариялауға келісті, – деп жазды Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, бітім АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша кешкі сағат 17:00-ден, яғни жергілікті уақытпен жұмаға қараған түні 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Трамп бұған дейін АҚШ-та Израиль мен Ливан өкілдері арасында соңғы 34 жылдағы алғашқы ресми келіссөздер өткенін еске салды. Оның сөзінше, бұл процесті жалғастыру үшін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, вице-президент Джей Ди Вэнс және Біріккен штабтар комитетінің төрағасы Дэн Рейзин тараптармен бірлесіп жұмыс істейтін болады.
– Біз Израиль мен Ливан арасында ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз, – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп Ливан мен Израиль басшыларын Ақ үйге шақыру жоспары бар екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ливандағы атысты тоқтату мәселесі АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде де көтерілген болатын. Бұл келіссөздер Пәкістан астанасы Исламабадта басталғанымен, алғашқы кездесу нақты нәтиже бермеген.
Қазіргі уақытта Израиль Ливан аумағында Хезболла қозғалысына қарсы әскери операция жүргізіп отыр. Аталған топ бітімге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Бұған дейін «Хезболла» өкілі Хусейн Хадж Хасан Ливан билігінің Израильмен тікелей келіссөз жүргізуін сынға алып, мұндай қадамды «қате шешім» деп бағалаған.
Ливан мен Израиль арасындағы қақтығыс 2 наурыздан бері шиеленісе түскен. Израиль «Хезболла» тарапынан жасалған шабуылдарға жауап ретінде Ливан аумағын атқылай бастаған.
Еске сала кетейік, Ливан мен Израиль 1948 жылдан бері ресми түрде соғыс жағдайында. Соңғы тікелей келіссөздер 1993 жылы өткен болатын.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Израильдің Ливан аумағына жасаған соққыларын айыптағаны хабарланған болатын.