Трамптың өтінішінен кейін Еуропа отын резервтерін шығарады

03.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Еуропа елдері бағаның өсуі аясында дизель отыны қорының бір бөлігін нарыққа шығаруға келісті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалық серіктестермен талқылаудан кейін шешім қабылданғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Бұған дейін Вашингтон Францияны, Германияны және Еуропаның басқа елдерін нарықтағы отын ұсынысын арттыру және бағаның одан әрі өсуін тежеу үшін қолда бар қорларды пайдалануға шақырған болатын.

Кейінірек Трамп Еуропа елдері қорларды дереу босатуға келіскенін хабарлады.

"Еуропа өзінің қомақты дизель отыны қорының үлкен көлемін дереу нарыққа шығаруға келісті", - деп жазды Америка президенті Truth Social әлеуметтік желісінде.

Кейін ол бұл шешімді "тамаша жаңалық" деп атады.

АҚШ-та бағаның өсуіне байланысты дизель отынының экспортын шектеу мүмкіндігі де талқыланды. Алайда Трамп мұндай тыйым салу іс жүзінде ешқашан нақты шара ретінде қарастырылмағанын айтты.

Жанармай бағасы неге өсіп жатыр?

Мұнай мен басқа да тауарлар бағасының өсуі Америка әкімшілігіне түсетін қысымды күшейтіп отыр. Қымбатшылықтың себептері ретінде Иранмен арадағы соғыс салдары, сондай-ақ ,АҚШ-тың сауда саясаты аталып келеді.

Америкалық автомобиль қауымдастығының (AAA) мәліметінше, АҚШ-та дизель отынының орташа бағасы бір галлон үшін 6,37 долларға (шамамен 3 мың теңге) жетті, бұл бір литр үшін шамамен 1,50 долларға (шамамен 700 теңге) жеткен.

Германияда бағаға қатысты жағдай тіпті шиеленісе түскен. ADAC неміс автомобиль клубының мәліметінше, сейсенбі күні бір литр дизель отыны 2,409 еуро (шамамен 1200 теңге) болды. Сонымен қатар, екі күннен кейін елде салықтық жеңілдік күшіне еніп, жанармай құнын литріне 0,17 еуроға (шамамен 90 теңге) төмендетті.

Трамп бұған дейін бағаның өсуі Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу үшін төленетін орынды құн екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, соғыс аяқталғаннан кейін жанармай құны төмендеуге тиіс.

Дизель жеткізіліміндегі жағдайға Ресей экспортының қысқаруы да әсер етті. Өз кезегінде, жеткізілімге шектеулер Украинаның Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары аясында енгізілді.

Макрон G7 елдерінің шешімін растады

Франция президенті Эммануэль Макрон уағдаластықты растады. Оның айтуынша, G7 елдері алдағы төрт ай ішінде резервтерден 100 миллион баррельге дейін мұнай шығаруға дайын.

Макрон серіктес елдер өзара мұнай және энергия өнімдерінің саудасын шектейтін шаралардан тартынатынын мәлімдеді.

"Азаматтарымыздың энергия ресурстарының бағасына қатысты алаңдаушылығы - басты басымдық", - делінген Макрон жариялаған G7 көшбасшыларының бірлескен мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, елдер жағдайды мұқият бақылауды жалғастыратынын және қажет болған жағдайда қабылданатын шараларға түзетулер енгізетінін мәлімдеді.

Францияның АҚШ-тағы елшілігі бұл шешім Трамп пен Макрон арасында өткен телефон арқылы сөйлесуден кейін қабылданғанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Францияны, Германияны және басқа да еуропалық елдерді 20 күн ішінде 100 миллион баррель дизель отынын нарыққа шығаруға шақырған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью