Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
ҚР Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұганов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында теңіз инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты. Ол Ақтау және Құрық порттарындағы нысандарды аралап, кеме қатынасы компанияларының өкілдерімен кездесті.
– Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту – еліміздің транзиттік әлеуетін арттырудағы негізгі стратегиялық міндеттердің бірі. Соңғы жылдары порт инфрақұрылымын жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу арқылы тасымал көлемінің айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді. Алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Қазақстанның негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясы күшейтіледі, – делінген кездесу қорытындысында.
Бүгінде Ақтау портында контейнерлік хаб пен кемелер қозғалысын басқару жүйесі іске қосылып, Құрық портында айлақ акваториясын тереңдету және №1 айлақты жаңғырту жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар жол бойы сервистік инфрақұрылым қалыптастырылған.
Жыл соңына дейін Ақтау порты акваториясын тереңдету, Құрықтағы «Ерсай» терминалын және контейнерлік инфрақұрылымды дамыту, бірнеше айлақты жаңғырту, буксирлер сатып алу және цифрлық жүйелерді енгізу жоспарланып отыр.
Жоспарланған жобалар порттардың өткізу қабілетін арттырып, Қазақстанның ТХКБ бағытындағы транзиттік әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін халықаралық тасымалдаушыларға жаңа талап қойылғаны хабарланды. Кемінде 50% жүк көлігі тасымалдаушының өз меншігінде болуы тиіс.