Трансшекаралық су мәселесі реттеледі

18.06.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қаржы институттарымен келісім

Еліміз Халықаралық Қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестиция­лар банкінен қарыз тартады. Отырыста бұған қатысты екі  заң қабылданды. Бірінші келісім аясында бесжылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге 92,3 млрд йен  сомасында, ал екінші келісім негізінде  5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда өтеу мерзімі 11 жыл болатын 62,4 млрд йен сомасында қарыз алу қарастырылып отыр. Бұл шара республикалық бюджет тапшылығы шеңберінде ел экономикасының орнықтылығын қолдауға бағытталған.

– Жапон йені валютасын таңдаудағы негізгі себеп, ол Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және теңге мен жапон йені арасындағы тығыз байланысқа негізделеді. Бұл қаражат, экономиканың маңыз­­ды салаларын қаржылан­дыру­ды қоса алғанда, Үкіметтің бірін­ші кезектегі шараларын қол­дауға мүмкіндік береді. Тарты­латын қарыздар бойынша мін­дет­темелер, ұсынылып отырған Келі­сімдерде бекітілген қаржы­лық шарттарға сәйкес, республи­калық бюджет қаражаты есебі­нен өтеледі, – деді құжаттар төңірегінде баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Такиев.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев бір апта бұрын Мәжіліс республикалық бюд­жеттің 2025 жылғы ат­қары­луы жөнінде Үкіметтің есебін тыңдағанын еске салды. Де­путат сол кезде қоғамда жаңа қа­рыз­дардың іс жүзінде бұрын­ғы міндеттемелерді өтеуге, биылғы шығыстарды қаржы­ландыруға жұмсалуына қатысты алаңдаушылық бар екенін айтты.

– Сіз мемлекеттік қарыз дең­гейі қауіпсіз шекте екенін және елеулі тәуекелдер жоқ екенін растадыңыз. Халықаралық Қайта құру және даму банкінен 600 млн доллар көлемінде жаңа қарыз алуды қарастырып отырмыз. Осы қаражат та бюджеттегі биылғы шығыстарды жабуға жұмсала ма, әлде бұл қарыз есебінен қар­жыландырылатын нақты жоба­лар қарастырылған ба? – деп сұрады депутат.

Өз кезегінде М.Такиевтің айтуынша, бюджет шығыстарының жалпы көлемі шамамен 27 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің меншікті кірістері шамамен 19,3 трлн теңге деңгейінде бағаланып отыр, ал қосымша 2,8 трлн теңге Ұлттық қордан мақсатты трансферт ретінде тартылмақ. Шығыстардың қалған бөлігі бюджет тапшылығын құрайды. Ми­нистр­дің мәліметінше, бұл тап­шылық 4,6 трлн теңгені құрайды.

Ол жаңа қарыздың нақты бір инфрақұрылымдық немесе әлеуметтік жобаға тікелей байланыстырылмағанын да нақтылады. Қаражат бюджет тапшылығын жабуға, мемлекет жоспарлаған шығыстарды қаржыландыруға бағытталмақ. 

Су ресурстарын басқаруда ынтымақтастық күшейеді

Одан кейін отырыста «Қазақ­стан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану ­туралы келісімді ратификация­лау ­туралы» заң мақұлданды. Құжат­­қа 2025 жылғы 15 қара­ша­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемле­кеттік сапары аясында қол қойыл­ған. Келісімнің мақсаты – транс­шекаралық су объектілерін бірле­сіп басқару және ұтымды пайдалану.

– Келісімнің үшінші бабында алғаш рет екіжақты деңгейде Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемалары ресми түрде енгізіліп, екі тарап үшін міндетті негіз ретінде бекі­тіл­ді. Аталған схемалар кеңес одағы кезеңінде әзірленген және 1992 жыл­дан бері Орталық Азия мем­лекеттерінің барлығы оларды су бөлудің негізгі құжаты ретінде мойындап келеді. Бұған дейін тараптар осы қағидаттарды жалпы түрде қолдайтынын ғана растап келсе, енді олар келісімде нақты бекітіліп отыр. Бұл өте маңызды қадам, өйткені су бөлу жүйесі қосымша құқықтық қорғанысқа ие болады және оны біржақты тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі шектеледі, – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Келісімде трансшекаралық зиян келтіруге жол бермеу, су ресурстарын әділ әрі ұтымды пайдалану, ақпарат алмасу, екінші тарапқа әсер етуі мүмкін кез келген қызметті жоспарлау кезінде міндетті консультациялар жүргізу көзделген.

– 4-бапқа сәйкес тараптар нақты уақыт режімінде ақпа­рат алмасуға мүмкіндік беретін суды есепке алудың бірыңғай авто­маттандырылған жүйесін енгізеді. Бұл су пайдалану көлеміне қатыс­ты келіспеушіліктердің ал­дын алады. Сонымен қатар келі­сімді тиімді іске асыру мақ­сатында Қазақстан-Өзбекстан үкімет­­аралық комиссиясы құры­­лады. Комиссия жылы­на екі рет екі ел аумағында кезек­­пен отырыс өткізеді. Оның аясын­да вегетациялық және вегета­­ция­аралық кезеңдерге арнал­ған су ресурстарының жыл са­йынғы болжамдары келісіледі, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және жөндеу мәселе­лері қаралады. Келісім бес жыл мерзімге жасалады және кейін автоматты түрде ұзартылады, –деді вице-министр. 

БАӘ-мен сауда кеңейеді

Отандық тауарларды БАӘ нарығына шығару көлемі артады. Ол үшін Мәжіліс бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады.

– Құжат аясында екі тараптан да тауар номенклатурасының кемінде 85 пайызына қатысты тариф­тік либерализациялау (әкелу кезіндегі кедендік баж салығын жою) туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл ретте Әмірліктер тарапы ­ 6757 тауар позициясына (86 пайыз) қатысты преференциялар береді. Оның ішінде 6 565 позиция бо­йынша әкелгені кедендік баж салықтарының мөлшерлемесін нөлге түсіру арқылы, ал 192 тауар позициясы бойынша ЕАЭО елдерінен бажсыз әкелгені үшін тарифтік квоталар белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Ратификацияланған келісім Біріккен Араб Әмірліктерімен сауда-экономикалық және инвес­тициялық өзара іс-әрекетті арттырудың берік негізіне айналуға тиіс, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіз­дік туралы шарт ұйымы қыз­метіне қатысты екі құжатты қабыл­дады. Баяндамашы Қорғаныс министрінің тәрбие және идео­логиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабековтің айтуынша, заң жобаларындағы енгізілген түзетулер нақтылау сипатына және құжат ережелерін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және ұйымның нормативтік құқықтық құжаттарына сәйкес келтіруге бағытталған.

– Бірінші келісім шеңберінде құрылымдарды басқаруға, олар­дың өз мақсаттары бойын­ша міндеттерді шешуі үшін тасымалдау (транзит) мәселелерін жедел қарауға, сондай-ақ тарап­тардың аумағында ұжым­дық қауіпсіздік күштері мен құрал­дары құрылымдарының жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасауға байланысты нормалар өзектендіріледі. Екінші құжат­пен әскери және басқа да құры­лымдар өз мақсаттары бойынша міндеттерді орындау немесе бірлескен оқу-жаттығуларға қатысу кезінде шұғыл шаралар қабылданған жағдайда оларды тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезіндегі жеделдік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін келісім нормалары енгізілді, – деді А.Мұстабеков. 

Тапшылықты қалай шешеміз?

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң Мәжіліс депутаты Данабек Исабек балаларға арналған цифрлық контенттің сапасы жөнінен мәселе көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, жазғы уақытта жеткіншектердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артқан.

– Балалардың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатыр, әсіресе жазғы уақытта олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түседі. Бұл – өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Оның үстіне қазір қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады. Мысалы, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр, – дей келе депутат ұлттық деңгейдегі нақты мемлекеттік стратегия қабылдау маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынды. Ал депутат Нұргүл Тау студенттер жатақханасының тапшылығын жеткізіп, депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке бағыттады.

– Ұлттық статистика бюро­сының деректерінше 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мың студент білім алған. Олардың 364 мыңы – аймақтардан келген студенттер. 115 мың студент ресми түрде жатақханаға мұқтаж, ал олардың тек 95 мыңы ғана нақты түрде жатақханалармен қамтамасыз етілген. Бұл ресми деректер бойынша кемінде 20 мың студенттің баспанаға мұқтаждығын білдіреді. Демек, студенттердің жатақханалармен ресми қамтамасыз етілу деңгейі – шамамен 80 пайыз. Бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының деректері бойынша жатақханалардағы орын тапшылығы 33 мың орынға жетеді, – деген ол бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Депутаттың мәлімдеуінше, мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет деңгейінде оңтайлы үйлестіру, тұрақты бақылау және бірнеше мемлекеттік органның күшін біріктіретін жүйелі тәсіл қажет. Яғни мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарын қамтитын студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын әзірлеу мәселесін пысықтау қажет.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью