Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Геосаяси құбылмалы кезеңде Қазақстанның транзиттік әлеуеті ұлттық қауіпсіздік пен жаһандық ықпалдың тетігіне айналады. Президент соңғы Жолдауында «аймақтардың көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу» міндетін қойған-тын. Себебі қазақ елінің географиялық артықшылығы бүгінде жаңаша мазмұнға ие болды. Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған алтын көпірдің ахуалы мен болашағы қандай?
Тоғыз жолдың торабындағы серпін
Ормуз бұғазындағы қолдан жасалған тығырық әлемдік сауда жолдарының қаншалық нәзік жүйе екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір ғана теңіз өткеліндегі кідіріс мыңдаған шақырымға созылған экономикалық тамырларды тарылтып, континенттер арасындағы сауда ағынын тежей алады. Демек, Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның стратегиялық рөлі бұрынғыдан да ірілене түспек. Еліміз арқылы өтетін құрлықтық дәліздер бұғаз сияқты тар қылталарға тәуелділіктен біршама құтқаруға қауқарлы. Бірақ бұл үшін Қазақстан өзіндегі логистиканың тар тұстарын кеңейткені абзал. Былтыр ел аумағы арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асып, ұлан-ғайыр даламыздың жаһандық саудадағы салмағын айқын аңғартты. Алайда, Президент атап өткендей, қолда бар мүмкіндіктің әлі де игерілмеген тұстары зор. Транзиттік мүмкіндіктерімізді толыққанды игеру арқылы Еуразияның басты көлік хабына айналуға тиіспіз.
– «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында.
Географиялық артықшылықты экономикалық капиталға айналдыру үшін тек жол салу жеткіліксіз, сол жолдарды жаһандық сауданың ажырамас бөлшегіне айналдыратын жүйелі шара қажет. Және осының бәрі Қазақстанның өз ішіндегі қатынастың дамуына және жол құрылысына соны серпін беруге тиіс. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартып, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етсе жөн. Осы орайда Мемлекет басшысы цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолдануды тапсырды: онсыз ешқандай тиімділік болмайды.
Қ.Тоқаев 2026 жылы ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі іске қосылатынын мәлімдеді. Жобаны Қазақстан өз күшімен әрі өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырды. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше: «Шығыс – Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырмақ.
Үкіметте жол-көлік саласына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жетекшілік етеді: «Теміржол саласында 2025 жылы ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма теміржол желісі іске қосылды, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды, шамамен 320 млн тонна жүк тасымалданды», – дейді ол.
2026 жылғы жоспар шеңберінде теміржол саласында Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар желілерінің құрылысы, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ Бақты – Аягөз жобасын жалғастыру көзделген. Бұл жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады.
Өңірлік теңсіздіктен – біртұтас желіге
Сондай-ақ Мемлекет басшысы негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берудің маңызын нұсқады. Жол салған кезде транзиттік дәліздерге баса көңіл аударған жөн. Президент Сексеуіл – Бейнеу жолының құрылысын тездету міндетін қойды. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үштен бірге қысқарады.
Р.Склярдың мәліметінше, автомобиль жолдары саласында 13 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағында), Қалбатау – Майқапшағай және Ұзынағаш – Отар жобалары аяқталды.
Жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, Қызылорда – Жезқазған автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыстар жүргізіледі. Орталық – Батыс жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталады. Сондай-ақ Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Қызылорда және Бейнеу – Сексеуіл жобаларын бастау жоспарланған.
Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында, Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау көзделген. «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылғы жол-құрылыс маусымында жалпы ұзындығы 8 800 шақырым автожол жөндеу-салу жұмыстары түрімен қамтылды. Ал 2026 жылы тағы 8 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Оның ішінде 3 400 шақырым – құрылыс және қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым – күрделі жөндеу, 5 200 шақырым – орташа жөндеу. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы және 193 асфальтбетон және бетон зауыттары жұмылдырылады, – деді ол.
Дархан Иманашев Ақтөбе – Ұлғайсын, Сарыағаш және Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталғанын әңгімеледі: осы айда құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал «Орталық – Батыс» жобасы бойынша ұлттық компания дайындық жұмыстарына кіріскен. Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор, Қызылорда – Сексеуіл, Бейнеу – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл сияқты қалған жобаларға Қазақстанның Даму банкі және өзге халықаралық қаржы институтымен бірлесіп конкурстық рәсім жүргізеді.
Шекаралық инфрақұрылымды дамыту аясында Еуразиялық одақ елдерімен бірге автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2028 жылға дейін 37 пунктті жаңғырту жоспарланған. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасты. Сондай-ақ 5 пунктте жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр. Қалған 23 өткізу пункттері бойынша дайындық жұмыстары басталды.
Ақылы жолдағы жауапкершілік жүгі
Ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр екен. Қазіргі кезде ел аумағында жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол телімі бар. Ауқымы күрт өседі: биыл жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Бүгінде 14 учаскеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың шаршы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзартылмақ. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың келісімінен өту үстінде.
«2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті. Қаражат жолдарды күтіп ұстауға бағытталды және 1 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды. 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қыста 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді», – деді басқарма төрағасы.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыт. Д.Иманашев ақылы жол телімдерінде қозғалыс қарқындылығы 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға төмендегенін жеткізді. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шара қабылдау нәтижесінде, эвакуацияланған азаматтар саны 3 есе қысқарды. Сондай-ақ былтыр 700 мыңнан астам автокөлікке колоннамен сүйемелдеу қызметі көрсетілді.
Су тасқыны жол инфрақұрылымының талмау тұстарын әшкереледі. Су басумен күрес кезінде қызыл суды өткізу үшін қаншама жол қазылып, бұзылды. Өйткені олардың суағарлары қарастырылмапты. Биыл да солай болмай ма? «ҚазАвтоЖол» басшысының мәлімдеуінше, су тасқыны кезеңіне дайындық кешенді түрде жүргізіліп жатыр. 2024-2025 жылдары бір мыңнан астам су өткізу құбырлары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген, қауіпті учаскелер саны 2 есеге қысқарыпты. Мұның сыртында тасқынның алдын алу үшін әкімдіктермен бірлесіп, 219 карьерден инертті материалдар қоры жеткізілді.
Сапа мен төзім сынағы
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың хабарлауынша, Қазақстанда 7 халықаралық автомобиль дәлізі құрылды. Жалпы, 95 мың шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 25 мыңы – республикалық жол. Бәрі Көлік министрлігіне қарайды: нормативтік жағдайы 94%-ды құрайды. Жолдардың басым бөлігі – 70 мың шақырымы облыстық және аудандық жолдар, яғни жергілікті органдар жауапкершілігінде. Оның нормативтік жағдайы – 91%. Республикалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталған. Ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі нашарлау көрінеді.
– Алдағы үш жылда жергілікті органдармен бірге, өңірлік жолдарды жөндеу жұмысымен қамтуды 5 есе арттырамыз. Жұмыстың нәтижесінде, 25 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95%-ға дейін көтереміз. Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды. Қазіргі уақытта стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып қалды. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр, – деді көлік министрі.
Республикалық жолдарға екі рөл жүктеліпті: біріншіден, өз өңірлеріміз арасында байланыс орнату. Екіншіден, халықаралық транзитті дамыту. Бұл ретте Қазақстанда 7 автокөлік коридоры қалыптасты. Өткен жылдары оның 4-еуі аяқталды: Қалбатау – Майқапшағай, Талдықорған – Өскемен, Атырау – Астрахань және Қарағанды – Алматы. «Бұл жолдардың жалпы ұзындығы – 2 мың шақырым. Көлік қозғалысы өсіп жатыр және кейбір дәліз шектен тыс жүктемемен жұмыс істейді. Сондықтан алдымызда жаңа жобалар бар», – деді Көлік министрі. Жаңа жоба қатарында Темір-баба – РФ шекарасы (Түрікменстан – Ресей дәлізінің бір бөлігі), Бейнеу – Сексеуіл (Транскаспий бағытын 1 мыңдай шақырымға және жүк жеткізу мерзімін 3 күнге қысқартады) аталды.
Бірақ сала мамандары жол құрылысындағы проблемаларды да нұсқап жүр. Мысалы, жаңа жолдарда әлі күнге асфальт-бетон жабыны қолданылады, ол тек 8 тоннаға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Үлкен қарқынды қозғалысқа және аптап ыстыққа шыдамайды. Соның кесірінен, жазғы мерзімде жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі. Дамыған елдерде жазда, тіпті автопойыздар жүйткіп жүреді. Қазақстан цемент-бетон жабынына көшкені жөн: ол ауыр жүктемеге төзімді. Қызмет ету мерзімі 40 жылға жетеді. Транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның көлік-логистикалық стратегиясы – бұл тек тасымалдың қамы емес, елдің ертеңгі бақуатты өмірінің іргетасы. Жол азапты болмаса, соның өзі – бақыт. Сол бақытқа апарар жолдың сапасы мен қауіпсіздігі бүгінгі атқарылып жатқан ауқымды істің нәтижесіне тікелей байланысты.
Айхан ШӘРІП