Туған өлкесіне тіреу болған

04.08.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Олим­пиада чемпионы Жақсылық Үшкем­піров «Бір ауылды бір адам сақ­тайды» деген сөзді жиі айтатын. Бұл ойдың астарында байлық емес, жауапкершілік жатыр. Ауылды сақтайтын – қолында билігі бар адам емес, жүрегінде елге деген жанашырлығы бар азамат. Ондай жан туған жерінің мәселесін өз мәселесіндей қабылдайды, елдің қуанышын өз қуанышындай көреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы» ұғымына айрықша мән беруі де осыдан. Себебі қоғамды өзгертетін – даңқты сөз емес, үнсіз атқарылған еңбек. Панфилов өңірінде сондай азаматтардың бірі – Серік Ақсубаев.

Оның еңбек жолы 1984 жылы  тергеуші қызметінен басталды. Көкшетау аудандық ішкі істер бөлімінде алғашқы қадамын жасаған жас маман кейін тағ­дырын Жетісу жерімен байланыс­тырды. Панфилов аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып жүріп, құқық қорғау саласының барлық ауыртпалығын бастан өткерді. Қылмыстың ақ-қарасын анықтап, адамдардың тағдыры таразыға түскен сәттерде заң мен ардың арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қаншалықты қиын екенін жақсы білді.

Жылдар өте келе тәжірибесі толысты, түрлі жауапты қыз­меттерге көтерілді. Салық полициясында, аудандық ішкі істер бөлімінде, кейін Алматы облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымында басшылық қызмет атқарды. Қызметіне адалдығы үшін «Жылдың үздік тергеушісі» атанып, полиция полковнигі шенін тақты. Мемлекет оның еңбегін «Құрмет» орденімен бағалады.

Алайда адамның шынайы бағасы қызметтік шенімен емес, зейнетке шыққаннан кейінгі өмірімен өлшенетін кездер болады. Көпшілік еңбек демалысын тынығумен өткізсе, Серік Мұқашұлы үшін бұл жаңа жауапкершіліктің бастауы болды. Жұбайы Гүлнәр Қазбекқызымен бірге кәсіпкерлікке бет бұрды. Бірақ бұл кәсіп тек табыс табудың жолына айналған жоқ. Олар ашқан қонақүйлер, медициналық орталық, сауда орындары мен «Жаркент-Арасан» шипажайы өңір тұрғындарына қызмет көрсететін әлеуметтік маңызы бар нысандарға айналды.

«Кәсіпкерлікті қоғамға қызмет етудің құралы деп түсінемін. Мемлекет маған қызмет етуге мүмкіндік берді. Енді сол елдің алдында аза­мат­тық борышымды өтеуім керек. Адамның артында қалған ең үл­­кен мұрасы – салған ғимараты емес, жасаған жақсылығы », дейді ол.

Әсіресе ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «Жаркент-Арасан» шипажайының қайта жандануы – бір кәсіпкердің емес, тұтас өңірдің игілігіне айналды. Бір кезде бос қалған ғимаратқа бүгінде адамдар денсаулығын түзеп, шипа іздеп келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті экономикаға серпін берілді.

Пандемия кезінде көптеген отбасы денсаулығына алаңдап жүрген шақта Серік Ақсубаев көрші Кербұлақ ауданынан екі жүзден астам тұрғынға шипажайда демалуға мүмкіндік берді. Бұл бастама кейін де жалғасты. Қызылорда облысы мен Алматы облысының Кеген ауданынан жыл сайын әлеуметтік жағдайы әртүрлі азаматтарға тегін сауық­тыру жолдамаларын беруді дә­түрге айналдырды.

«Мектепке жол» акциясы кезінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына қолдау көрсетіп келеді. Жалғызбасты қарияларға, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға, сырқат балалар мен емге мұқ­­таж жандарға қаржылай көмек көрсетуді ешқашан жария­лылыққа айналдырған емес. Су тасқыны болған өңірлерге қолдау білдіріп, Рамазан айында мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіруді де азаматтық міндеті санайды. Бұл жұмыстардың көбі жарнамаланбайды. Өйткені шынайы қайырымдылықтың табиғаты  үнсіз.

«Ауылға көмектесу үшін міндетті түрде мемлекеттік қыз­метте отырудың қажеті жоқ. Әркім өз шамасына қарай туған жеріне пайдасын тигізсе, көптеген мәселе өздігінен шешілер еді. Елдің алғысы – кез келген марапаттан қымбат», дейді кейіпкеріміз.

Ол Жаркенттің орталық мешітінің құрылысына қолдау көрсетіп, бірнеше мешіттің жөндеу жұмысына атсалыс­ты. Одан бөлек, өңірдегі бұқа­ралық спорттың дамуына қосқан үлесі де ерекше. Әлемдік және халықаралық жарыстарға қа­тысып жүрген спортшыларға демеушілік жасап, олардың ел намысын қорғауына мүмкіндік туғызды. Өйткені ауылдан шық­қан әрбір жеңімпаз тұтас өңірдің мерейі екенін жақсы түсінеді.

Еңбек адамы – өз кәсібін адал атқарып қана қоймай, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат. Бұл ұғымның ауқымы кең. Мәселен, Серік Ақсубаевтың өмір жолына қарағанда, бір ерекшелік анық байқалады. Ол әр кезеңде әртүрлі салада еңбек етті. Алғашында заңның үстемдігін қамтамасыз етуге күш салды. Кейін кәсіпкерлік арқылы жұмыс орындарын ашты. Артынша әлеуметтік қолдауды өмірлік қағидасына айналдырды. Мұның бәрін бір ғана ұғым байланыстырып тұр. Ол – еңбекке адалдық.

Бүгінде Жетісудың талай азаматы үшін «Жаркент-Арасан» жай ғана шипажай емес, дер кезінде көрсетілген қамқорлықтың белгісі. Бір шәкіртке оқу құралын алып беру, бір қарияның еміне көмектесу, бір спортшының жол шығынын өтеу немесе бір ауылдың рухани өміріне демеу болу – қағаз жүзінде үлкен көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ қоғам дәл осындай қарапайым істер арқылы өзгереді.

Бір кездері халықтың се­німімен облыстық мәслихат депутаты болып сайлануы да осы қоғамдық белсенділіктің заңды жалғасы еді. Бірақ қай қызметте жүрсе де, ол өзін бірінші кезекте туған жерінің азаматы ретінде сезінді. Еңбек адамы – туған жерінің тағдырына сырттай қарамайтын, өз еңбегін елдің игілігіне жұмсайтын азамат. Серік Ақсубаевтың өмір жолы осы ойдың нақты көрінісі. Оның еңбегі белгілі бір лауазыммен немесе кәсіппен ғана өлшенбейді. Ол – туған өлкесіне қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған еңбек адамының бейнесі.

Жетісу облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью