Тұғырдан секірушілер келесі олимпиадаға дайындықты бастады. Мүмкіндік қандай?

22.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Еліміздің жетекші спортшыларымен бірге бұл жиынға Олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары да қатысты. Олар үшін ұлттық құрама мүшелерімен бірге жаттығу кәсіби шеберлікті арттырудың және жарыс тәжірибесін жинақтаудың маңызды кезеңіне айналды.

Жиын барысында спортшылар К-90 және К-125 трамплиндерінде жаттығып, ұшу техникасын жетілдіріп, секіру элементтерін пысықтады. Әрбір жаттығу алдағы халықаралық жарыстарға жоғары дайындықпен баруға бағытталды.

Жиынның ерекшелігі ел спортшыларымен бірге Әзербайжан өкілі мен Ресей құрамасының спортшылары да бірлескен дайындық жүргізді. Мұндай тәжірибе спортшылардың өзара тәжірибе алмасуына және бәсекелестік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Биекеновтің айтуынша, өткен маусым біздің трамплиншілер үшін табысты болды.

«Өткен маусым біздің команда үшін өте жауапты болды. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алуды жоспарлағанбыз. Илья Мизерных алтыншы орын иеленді. Бұл жүлде болмаса да, марапаттау подиумына шығуға мүмкіндік берген жақсы нәтиже. Командалық есепте алтыншы орын алдық, қыздар жетінші, ал аралас командалық сайыста сегізінші орынға тұрақтадық. Одан кейін Олимпиада ойындары өтті. Бұл біздің спортшылар үшін төрт жылдық циклдің ең басты жарысы болды. Сол додада Илья Мизерных сегізінші орын алды, ал Данил Васильев 24-орынға тұрақтады. Ильяның нәтижесі Қазақстан үшін тарихи жетістік болды. Өйткені бұған дейін еліміздің спортшылары Олимпиадада 24-орыннан жоғары нәтиже көрсетпеген еді. Соңғы рет мұндай көрсеткішті 1994 жылы Андрей Верейкин тіркеген болатын.

Сонымен қатар Илья Мизерных маусым соңында Аустрияның Кульм қаласында өткен Әлем кубогі кезеңінде 219,5 метрге секіріп, Қазақстанның ұлттық рекордын жаңартты. Жазғы маусымда Данил Васильев Жазғы Гран-при кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Бұл да Қазақстан үшін тарихи нәтиже саналады. Бұған дейін біздің спортшылар бұл жарыста жүлделі орынға көтерілмеген», деді Қайрат Биекенов.

Спортқа бөлінетін миллиардтар: Бюджет қаржысының тиімділігі туралы сарапшылар не дейді?

Бас бапкердің айтуынша, еліміздің шаңғы трамплині соңғы жылдары жаңару кезеңінен өтті.

«2019 жылы бас бапкер Павел Васильевпен бірге құраманы жасартуға кірістік. Соның нәтижесінде Данил Васильев 2023 жылы Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы атанды, кейін FIS Кубогі мен Құрлықтық кубокты жеңіп алды. Ал өткен жазда Жазғы Гран-приде екінші орын иеленді.

Қазіргі таңда біз 2030 жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеттік. Негізгі мақсатымыз – Олимпиада жүлдесіне қол жеткізу. Осы бағытта Туризм және спорт министрлігі, Спорт комитеті мен Спортты дамыту дирекциясының қолдауымен әлемге танымал маман Алекс Штёкль кеңесші-жаттықтырушы ретінде шақырылды. Ол 12 жыл бойы Норвегия құрамасын жаттықтырып, әлемдік деңгейдегі көптеген спортшыларды тәрбиелеген тәжірибелі маман. Алдымызда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен ересектер арасындағы әлем чемпионаты тұр. Жас спортшылардан жүлде күтеміз, ал ересектер құрамасы әлемнің үздік алтылығы қатарына енуді мақсат етіп отыр», деді ол.

Шаңғымен тұғырдан секіруші Илья Мизерных 2026 жылғы Олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетті

Сонымен қатар Қайрат Биекенов команданың дайындық жүйесі халықаралық стандарттарға сай жүргізілетінін атап өтті.

«Команда құрамына қыздар да белсенді қосылып жатыр. Олар халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Біздің дайындық жүйеміз тұрақты түрде жүргізіледі. Аптасына үш рет күштік жаттығулар өткіземіз, одан кейін техникалық дайындыққа көңіл бөлеміз. 2024 жылы Илья Мизерных жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін министрлік пен Олимпиадалық даярлау орталығы арнайы тензоплатформа сатып алды. Бұл құрылғы әлемнің жетекші құрамалары қолданатын заманауи құралдардың бірі. Ол әр спортшының жеке ерекшеліктерін саралап, қандай бағытта даму қажет екенін көрсетеді. Соның арқасында жаттығу процесі ғылыми негізде жоспарланады.

Мемлекет басшысы Илья Мизерныхты жеңісімен құттықтады

Трамплиннен секіру секциялары әзірге Алматы мен Риддер қалаларында жұмыс істейді. Сондықтан балаларын осы спорт түріне бергісі келетін ата-аналарды біз сол жақтағы мектептерге шақырамыз. Болашақта бұл спортты дамытуға, Қазақстан туын халықаралық ареналарда биікке көтеруге бірге үлес қосамыз деп сенеміз», деді бас жаттықтырушы.

Ашық жаттығу барысында ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі Данил Васильев те алдағы маусымға дайындық барысы туралы айтып берді.

«Күніне шамамен бес-алты сағат жаттығамыз. Негізінен техникамен жұмыс істейміз, созылу жаттығулары, күштік дайындық және басқа да жаттығулар өткіземіз. Қазір маусымға дайындық Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтіп жатыр. Бұл – өте жақсы спорттық база. Мұнда мүмкіндігінше көп секіруге тырысамыз. Ауа райына қарай техниканы жетілдіріп, жазғы жарыстарға дайындалып жатырмыз.

Бәрі жақсы өтіп жатыр. Техникалық жағынан да, физикалық дайындық жағынан да жағдайымыз жақсы. Ең алғаш 10 жасымда К-90 трамплинінен секірдім. Аздап қорқыныш болды, бірақ сонымен қатар адреналин де өте жоғары еді. Кейінгі секірулер туралы айтар болсам, әрбір секірудің өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені секірген сәтте еркіндікті сезінесің, ауада қалықтайсың. Сондықтан әр секіру өзінше есте қалады. Бұл спортта жетістікке жету үшін ең алдымен еңбекқорлық және өз ісіңді жақсы көру керек. Ең үлкен мақсатым – Олимпиада ойындары. Ал жақын арадағы жоспарымда жазғы Гран-при кезеңдері, Әлем кубогі және әлем чемпионаты бар», деді Данил Васильев.

Айта кетейік, спортшыларды 29 шілдеде басталатын жаңа маусымның алғашқы маңызды жарысы – трамплиннен шаңғымен секіруден жазғы Гран-при кезеңдері күтіп тұр. Халықаралық бәсекелер Польша мен Францияда өтеді. Онда Қазақстан намысын ұлттық құраманың көшбасшылары Данил Васильев пен Илья Мизерных қорғайды. Жарыстар аяқталғаннан кейін құрама келесі халықаралық додаларға дайындықты жалғастыру үшін Щучинскіге қайта оралуды жоспарлап отыр.

Спортшылардың жас буынына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазірдің өзінде жас секірушілер ірі халықаралық жарыстарға дайындалып жүр. Басты мақсаттардың қатарында 2027 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсету және 2028 жылғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысу міндеті тұр. Жоспар бойынша бұл додада Қазақстан намысын төрт спортшы қорғайды.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью