Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бұл жетістік «Топжарған» өнер орталығының тарихындағы бесінші рекорд. Рекорд иесі бұл нәтижеге жету үшін 1,5 ай бойы тынымсыз дайындалғанын айтады.
Динараның сөзінше, түйенің үстінде тепе-теңдік сақтау атқа мінгеннен әлдеқайда қиын.
Фото: Динара Сайдалинаның жеке мұрағатынан— Бұл жетістікке жеткендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дайындық өте ауыр болды, 1,5 ай бойы күн сайын таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін түйенің үстінде жүрдік. Түйенің шабысы атқа мүлде ұқсамайды, ол аспанға қарай жұлқып, секіріп шабады. Ондай сәтте тепе-теңдік сақтай отырып, оқты қорамсаптан суырып алып, нысананы дәл көздеу — үлкен шеберлікті талап етеді. Төртінші нысананы атып, рекорд орнатылды дегенді естігенде көзіме жас келді, — дейді Динара Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Рекордты ұйымдастырушы әрі «Топжарған» орталығының жетекшісі Ғабит Таңатовтың айтуынша, бұл жоба түйенің жайбасар жануар деген түсінікті бұзу үшін қолға алған.
— Көпшілік түйені жай жүретін жануар деп ойлайды. Біз осы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түйенің бабын, тамағын, уақытын қадағалап, арнайы жоба жасадық. Бұл — үлкен еңбектің арқасы. Түйені шауып жүруге үйрету оңай емес, оны сезіну керек. Алда жоспарымыз өте көп. Енді екі түйенің үстінде тік тұрып шауып, жаңа рекордтар орнатуды көздеп отырмыз, — дейді жетекші.
Рекорд орнатқан «Қаратау» түйесі 5 жаста, салмағы 800 келі. Жамбы атушы Динара Сайдалина спорттың бұл түріне осыдан бір жыл бұрын ғана келген. Алдағы уақытта спортшы мен оның ұжымы түйемен бәйгеге қатысуды да жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін жамбы ату, көкпар, бәйге сияқты отандық ат спортының бүгінгі бейнесіне шолу жасаған едік.