Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 28 қаңтар – Sputnik. Депутат Амантай Жарқынбек үкіметтен адамды қорлайтын тренингтерге қатысты шара қоллануды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде жарнамасы жаңғырып тұрған тренингтер аз емес. Ондай орталықтар "креативті ойлауды", "тиімді коммуникацияны", "шешен сөйлеуді" тегін үйретеміз деп уәде береді.
"Барлығының жұмыс істеу әдісі бір. Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген "ақыл-кеңестер" арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Содан кейін не болады? Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды", - деді Жарқынбек мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, бірінші курста адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді.
"Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін ішкізу сияқты айтуға ауыз бармас сорақы әрекеттер жасатады. Екінші курста жағдай одан әрі ушығады. Қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту міндеттеледі. Ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе өзін "бомж" кейпіне салып, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі", - деп атап көрсетті депутат.
Ал курс аяқталған соң қысымның жаңа түрі басталады. Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады.
"Орындай алмаса тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жариялау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады. Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай сорақылықты тренинг емес, диструктивті секта ретінде қарап, қатаң шара қолдану керек деген пікірлер де айтылады қоғамнан", - дейді Жарқынбек.
Мәжілісмен үкіметке депутаттық сауал жолдап, азаматтарды қорлау, психологиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу және манипуляция бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрады.