Түлектердің туған жерге тартуы

02.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Биыл облыс көлеміндегі 32 мыңнан астам үлкен өмірге қадам басқан түлектердің бұл бастамасы аймақтағы экологиялық мәдениет пен отаншылдықтың жаңа үлгісіне айналды. Акция барысында 1352 ағаш пен ­­2389 гүл көшеті егілді. Бұл тек көгалдандыру жұмысы ғана емес, ұрпақтың туған жерге қалдырған табиғи мұрасы іспетті. Бүгінгі балғын көшеттер күні ертең жасыл желек болып жайқалып, жас­тар­дың елге де­­ген махаббатын еске салып тұра­тын болады.

Талдықорған қаласындағы Н.Островский атындағы №8 орта мектеп пен Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектепте ­өткен іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев жастардың бастамасына жоғары баға берді. Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, ел болашағына деген қамқорлықтың көрінісі екенін атап өтті.

«Табиғатқа жанашырлық туған жерге деген сүйіс­пен­ші­лік­тен бас-талады. Бүгін көшет отырғызған әрбір жас ертең елдің дамуына да дәл осындай жауап­кершілікпен қарайды. Жастардың белсенділігі үлкен үміт сыйлайды. Бұл – эко­ло­гиялық мәдениетті қалып­тас­тырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілікті нығайтатын маңызды қадам», деді М.Көлбаев.

Іс-шара барысында жастар ағаш отырғызып қана қойған жоқ. «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында ұйымдастырылған арнайы дәріс сағаттарында оқушыларға құқықтық мәдениет, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірілді. Түлектердің бірі Нұрқасым Мубина көшет отырғызу олардың мектеппен қоштасу сәтін ерекше әсерлі еткенін айтты.

«Біз бүгін жай ғана ағаш еккен жоқпыз. Бұл – туған мектебімізге, балалық шағымызға, туған өлкемізге деген алғысымыздың белгісі. Жылдар өте көшеттер биік ағашқа айналған кезде біз де өмірден өз жолымызды тауып, елге пайдамызды тигізетін азамат боламыз деп сенемін. Табиғатты аялау болашақты аялау екенін бүгін терең сезіндік», деді жас түлек.

Экологиялық акция мұнымен шектелмей, Талдықорған қала­сын­да кәсіптік-техникалық білім ұйымдарының студенттері арасында «Student CUP» шағын футбол турнирімен жалғасты. Жарысқа жоғары сынып оқушы­ла­ры, колледж, жоғары оқу орын­да­рының студенттерінен құралған сегіз команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Жалпы, өңірде 9 саябақ, ­1 ­сквер, 2 аллея абаттандырылды. Былтыр өңірде 21 жасыл аймақ жаңартылды. Олардың қатарында Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында орналасқан «Жеңіс» саябағы да бар. Мердігер ұйымның жауапсыздығынан саябақты қайта жаңғырту жұ­мысы бірнеше жылға созылған еді. 2021 жылдан бері аяқталмай келген құрылыс жұмысы облыс басшылығының тікелей араласуынан кейін толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Енді қолданыстағы жасыл желектерді күтіп-баптауға, суару жүйесін жолға қоюға, көгалдандыру жұмысын одан әрі қарқынды жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Саябақтың жалпы аумағы – 5,6 га, ұзындығы – 1,2 км. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол ой­науға арналған 3 әмбебап спорт алаңы, 4 балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арнал­ған жол төселді. Аумағына жапы­­рақты және қылқан жапы­рақты ағаштардың, сондай-ақ бұталардың 460-қа жуығы отыр­ғы­зылды. Бұдан бөлек, 102 көше жарығы бағаны орнатылып, қо­ғам­дық дәретхана салынды, веложол­­дар мен жүгіру жолақ­та­ры жасалды. Жол бөлігін абаттандыру мақсатында 400 тонна асфальт төселіп, бейнебақылау жүйесі іске қосылды.

«Осындай әдемі, заманауи саябақтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Күн сайын кешке немерем Айтөремен бірге осында келіп серуендейміз, өзім ашық аспан астындағы жаттығу құрылғыларында жаттығамын. Бұл жер күнделікті ел жиналатын пайдалы демалыс орнына ай­­налды. Ауылымызға көңіл бөліп, тұрғындарға осындай қо­лайлы жағдай жасаған барша жаңға ризамыз», дейді Қара­бұ­лақ ауылының тұрғыны Рысхан Әубәкірова.

Осындай бастамалар арқылы Жетісу жастары табиғатқа жана­шыр­лық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Туған жердің тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың ортақ міндеті. Жастар еккен әрбір көшет – ел болашағына деген сенімнің белгісі.

Жалпы­ұлт­тық экологиялық акция аясында биыл өңір­де Қаратал, Көксу, Ақсу аудан­да­рындағы орталық саябақтарды суару жүйелерімен бірге абаттандыру, күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Жетісу облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью