Тұңғыштар мекенінің тартуы

04.08.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

«Creative Aimaq» респуб­ликалық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, өңірлік брендтері, ІТ және жасанды интеллект бағытындағы жобалары бір алаңға жинақталды.

Өңір әкімдігінің қолдауымен өткен жәрмеңкенің салтанатты ашылуына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, басқа да шығармашыл қауым қатысты.

Көрме-жәрмеңкеде сатылымға барлығы 842 туынды шығарылды. Оның ішінде өңір шеберлерінің 772 қолөнер туындысы мен Семей суретшілерінің 70 картинасы бар.

Көрмедегі ең қымбат туынды – Абай облысының жетекші қылқалам шеберлерінің бірі Виктор Шмидтің «Рақмет және кешір» картинасы. Бағасы 2 560 000 теңге болатын шығарма мәңгілік адамгершілік құндылықтарды арқау етеді. Суретші туындысында алғыс айта білу, кешірім сұрау һәм кешіре білудің маңызын айтады. Осы қасиеттердің адам бойындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін көркем тілмен бейнелейді.

Айта кетейік, «Шабыт палитрасы» көрмесінде Абай облысының суретшілері А.Бейсембаевтың, М.Бакытбекованың, Р.Бобров­скийдің, Т.Жуванышевтің, О.Махно­ның, Т.Тәтиевтің, В.Шмидтің, Р.Ша­қа­баевтың және басқа да қылқалам шеберлерінің туындылары ұсы­нылды.

«Экспозицияға авангардтық бағытта орындалған шығармалар қойылды. Аван­гард өнері – креа­тивті индустрия­да еңбек ететін суретшілер үшін шығармашылық зертхана іспетті. Авангардтың батыл идея­лары мен көркемдік тәсілдерін пайдалана отырып, шеберлер креативті өндірісте, бұқаралық нарыққа арналған өнімдердi, біре­гей әрі жаңашыл туындылар ұсына алады», дейді Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі директорының ғылыми және көрме жұмыстары бойынша орынбасары Ильвира Халитова.

Киізден жасалған бұйымдар, текемет, кілем, құрақ көрпе, ұлт­тық және заманауи үлгідегі киімдер, балалар киімі, бас киімдер, әшекейлер, сөмкелер, ағаш пен теріден жасалған көркем бұйымдар, торсықтар, қамшылар, ұлттық музыкалық аспаптар, мүсіндер, картиналар мен кәдесыйлар да көздің жауын алады.

«Он саусағынан өнер там­ған қолөнер шеберлері мен тігіншілеріміз бұл жобадан қалыс қалмады. Облыстағы ең үздік әрі креативті шеберлер келіп отыр. Әсіресе ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқыма заттары елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше ұнап жатыр. Көрмеде жасанды интеллект бағы­тындағы жетістіктерімізді және мультфильм саласындағы жобаларымызды көпшілік назарына ұсындық. Соның арасында жасанды интеллекті мен қазақтың ақынын айтыстыруға мүмкіндік беретін ілкі жоба бәрінің көңілінен шығып жатыр», деді Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан.

Ал Абай атындағы кітапхана «Ғасыр­лар­мен үндескен асыл қазына» сирек кітаптар көрмесін ұсынды. Сирек басылымдар «алтын қорынан» түпнұсқадан көшірілген кітаптардың факсимильдік нұсқасы Абай­дың қайраткерлік тұлғасымен, оқыған еңбектерімен таныс­тырды.

Көрме-жәрмеңкеде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының бірегей құнды жәдігерлері ұсынылды.

«Экспозицияға Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек кездесетін жәдігерлер қойылды. Атап айтсақ, Абайдың 180 жылдық мерейтойы­на орай сыйға берілген ақын мүсіні, қолөнер шебері Б.Карденова жасаған Абай шапанының көшірмесі, 1896 және 1903 жылдардағы фотосуреттері, «Тұмар» домбырасы, Мағауияға жазған хаты, сиясауыт пен қауырсыны, сондай-ақ Құнанбай Өскенбайұлының мөрі мен архивтік материалдары, Әйгерімнің қобдишасы, күміс әшекейлері, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін этнографиялық бұйымдарды алып келдік», деді «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев.

Заманауи форматтағы «Абай батасы» интерактивті құрылғысы да ерекше назарымызды аудартты. Бұл құрылғымен Абайдың қара сөздерінен алынған тағылымды нақылдар мен ғибратты ойларды тыңдап, ойшылдың рухани мұрасымен жаңа форматта таныстық.

Сондай-ақ Abai IT Valley алаңында ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы тың жобалар көрсетілді. Аталған өңірдің цифрлық әлеуетін таныстыру міндеті Abai IT резиденттеріне жүктелді. Олар қоғамның әртүрлі саласына арналған бірқатар инно­вациялық жобаларын ұсынды. Мәселен, жұмыспен қамту және еңбек нарығын талдауға арналған Jidek.kz цифрлық платформасы, 5-7 жас аралығындағы балалар тілінің мүкісін ерте анықтап, түзетуге мүмкіндік беретін Soz.lab жасанды интеллект платформасы, жұмыстан қол үзбей онлайн форматта міндетті гигиеналық оқудан өтуге арналған SanEduPortal жүйесі, фишингтік сілтемелердің жергілікті базасымен жұмыс істейтін Q-Ray Vision антивирустық шешімімен таныстық.

Бұған қоса, экопластиктен 3D-баспа технологиясы арқылы жасалған ұлттық нақыштағы ойын­шықтар өндіретін Bekonai Toys, күн электр стансаларын жобалап, толық іске қосуға дейінгі қызметті ұсынатын «Solar Semey» компаниясы және әртүрлі салаларға арналған цифрлық өнімдер әзірлейтін «Mango Development» компаниясы да өз жобаларын ұсынды.

Әсіресе ерекше қызығушылық тудыр­ған жобалардың бірі – «Mango Development» әзір­леген «Айтыс» платформасы болды. Мұн­да дәстүрлі сөз сайысы жаңа техноло­гия­мен ұштасып, нағыз ақын жасанды ин­тел­лект негізіндегі AI-ақынмен айтыса алады.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – жеті­генде күй орындайтын робот. Жобаның авторы – Abai IT резиденті Бақытбек Орын­баев. Инженерлік шешім мен ұлт­тық музыкалық мұраны ұштастырған бұл әзір­леме де келген жұртты еріксіз таң­ғал­дырды.

«Көрме Абай облысында қалыптасып келе жатқан технологиялық экожүйенің әлеуетін айқын көрсетті. Бүгінде өңірде бағдарламашылар, кәсіпкерлер, студенттер мен жас мамандар күш біріктіріп, қоғам­ның сұранысына сай цифрлық өнімдер әзірлеп келеді. Бұл бастамалар өңір­дің инно­вациялық дамуына серпін беріп қана қоймай, ұлттық құнды­лықтар­ды заманауи технологиямен сабақтас­ты­рудың жарқын үлгісіне айналып отыр», деді Abai IT Valley өңірлік техгологиялық кластерінің директоры Бауыржан Нау­рызбаев.

«Адал ас» ұлттық тәттілері, «Bai­Qymyz-2025» халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған Абай ауданы Саржал ауылының шаруа қожалығы әкелген 550 литр қымыз бен «Qazice» компаниясы өндіретін саумалдан дайындалған балмұздақ бар.

Сонымен, екі күнге созылған жәр­мең­кеге 1 500-ге жуық елор­далық барыпты. Абай облысының қолөнершілері мен креативті индустрия өкілдері 4,8 млн теңгеден астам өнімді сатқан.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью