Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Жойылып кеткен жыртқыштар Іле-Балқаш табиғатына қайта оралады
Қазақстан — жолбарыстың тарихи мекені. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл жыртқыш Орта Азия аумағында кең таралған еді. Алайда аңшылық пен орман ағашын кесу сынды адамның зиян әрекеттері оның жойылуына әкелді. Ресми ақпаратқа сай, Орта Азияда жолбарыстың соңғы құжатталған көріністері 1970 жылдары тіркелсе, Қазақстанда соңғы рет 1948 жылы байқалған. Осы тұста өткен ғасырда жойылып кеткен жабайы мысықты ел аймағында қай жерсіндіру үшін 2017 жылы арнайы бағдалама іске асты.
— Қазақстан аумағында жойылып кеткен Тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағдарламасын Қазақстан, Ресей және өзге елдердің ғалымдары бірлесіп әзірледі. 2017 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі бағдарламаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Жалпы жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 30 миллион АҚШ долларын құрайды, оның үшінші бөлігін WWF қамтамасыз етеді, қалғанын БҰҰ Даму бағдарламасы мен мемлекеттік бюджеттен бөледі. Бағдарлама кемінде 35 жылға жоспарланған, үш кезеңнен тұрады: аумақты дайындау, жолбарыстарды табиғатқа жіберу және олардың санын бақылау. Қазіргі уақытта алғашқы кезең аяқталып, екінші кезең іске асырылып жатыр, — делінген министрлік жауабында.
Жолбарыстарға қолайлы мекен ретінде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты таңдалып, 2018 жылы арнайы қорық құрылды. Аумағы 450 252 гектар жерді алып жатыр. Мұнда жыртқыштың қоректік базасын қалыптастыру үшін 119 құлан әкелініп, 200-ден астам бұхар бұғысы жіберілген. Сондай-ақ жабайы қабан мен қарақұйрық саны да көбейген.
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі— Жануарлардың санын көбейту мақсатында жаңа вольерлер салынды, автоматты суарғыштар орнатылды және көшірілген жануарларға азық қамтамасыз етілді. Мониторинг көрсеткендей, жануарлардың саны артты, соның ішінде жолбарыстың негізгі қорегі — жабайы қабандар көбейді. Ғылыми бағалаулар бойынша, резерваттағы негізгі қоректік түрлердің тығыздығы жолбарыстың тіршілігі үшін жеткілікті. Сонымен қатар, бағдарлама экожүйені кезең-кезеңімен қалпына келтіруді қамтиды: азық базасын арттыру және тоғайлы ормандарды қалпына келтіру жүргізіледі. Бұл шаралар жолбарыстың болашақ популяциясын тұрақты қалыптастыруға бағытталған, — деп мәлімдейді ведомство.
Екі Амур жолбарысы арнайы вольерде өмір сүріп жатыр
Бүгінгі таңда резерват аумағында екі Амур жолбарысы — Кума атты аталық және Богдана атты аналық жолбарысы бар. Аталған жыртқыштар 2024 жылы қыркүйекте Нидерланд мемлекеті Landgoed Hoenderdaell зоопаркінен жеткізілген.
— Жануарларды елге тасымалдау бірнеше кезеңмен жүзеге асты. Алдымен жыртқыштар 21 күн карантинде ұсталды. Одан кейін арнайы тасымалдау контейнерлері арқылы Франкфурт қаласына жетті. Сосын ұшақпен Алматы қаласына келді, кейін тікұшақ арқылы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жеткізілді. Қазір Амур жолбарыстарын бейімдеу процесі жоспарға сәйкес сәтті өтіп жатыр. Жыртқыштар тұрақты қоректеніп, сабырлы мінез-құлық танытып жүр. Олар Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделіп жатыр. Әр уақыт мамандар бақылауында, — деп жазылған ведомство хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, Амур жолбарыстары әзірге жабайы табиғатқа жіберілмейді. Алдымен климатқа толық үйрену үшін оларға 10 гектар аумақта вольерлік кешен салынған. Оның айналасы биіктігі үш метрлік қоршаумен қоршалған. Кешен ішінде ауданы 0,5–0,75 гектар болатын тағы алты жеке вольер бар. Әрқайсысының қоршауы алты метр биікке жетеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы резерватта туған күшіктер табиғи ортаға кезең-кезеңімен жіберледі.
— Вольерлерде жануарлардың жаңа ортаға бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Әрқайсысы жылыту жүйесімен, жасанды бассейндермен және қауіпсіз тасымалдауға арналған қақпалармен жабдықталған. Жануарлардың жағдайын 24,7 бақылайтын бейнебақылау жүйесі де бар. Оларды табиғи ортаға жіберу ғылыми деректер мен халықаралық сарапшылардың шешімімен қабылданады. Болашақта табиғатқа жіберілген әр жануарға спутниктік GPS-қарғыбау тағылады. Жүйе арқылы жолбарыс елді мекендерге жақындаса, жауапты мамандарға автоматты түрде сигнал жіберіледі. Жануарларды қадағалау тәулік бойы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының бақылау орталығы арқылы жүргізіледі, — делінген министрлік жауабында.
Осы жылы резерват аумағы тағы төрт жолбарыспен толығады
Нидерландтан бөлек, көршілес Ресей елі де Амур жолбарыстарын Қазақстанға сыйға беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы екі ел басшыларының кездесуі кезінде хабарлаған еді. Ресми ақпаратқа сай, екіжақты келісім аясында төрт амур жолбарысын жеткізу 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланған.
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі— Барлық жұмыстар ресейлік әріптестермен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Жануарлардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ резерваттағы жағдайларды мұқият дайындау шаралары назарда. Дайындық жұмыстары толық аяқталған соң, жолбарыстардың жеткізілу күні белгіленеді. Жануарларды елге жеткізудің шығындарын Ресей Федерациясы көтерсе, әуежайдан вольерлік кешенге тасымалдауды Қазақстан тарапынан «Freedom Шапағат» қоры қаржыландырады, —деп мәлімдейді ведомство.
Тұрғындар қауіпсіздігі үшін Іле-Балқашта арнайы топ құрылған
Алғашқы популяцияны қалыптастыру мақсатында кең далаға кезең-кезеңімен 15–20 шақты жолбарыс жіберіледі. Ведомство дерегіне сәйкес, негізгі мақсат — шамамен 50 бас, өздігінен көбейе алатын тұрақты популяция құру. Ал бұл Балқаш маңында өмір сүріп жатқан тұрғындарға кедергі келтірмей ме? Бұл мәселе бойынша да министрлік арнайы зерттеу жүргізген.
— Адам мен жолбарыс арасындағы қақтығыстарды болдырмау мақсатында толық бағдарлама әзірленген. «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерватында арнайы топ құрылды. Олардың міндеті — жолбарыстардың халық тұратын аймақтарға жақындауына жол бермеу. Жыртқыштардың табиғаттағы қозғалысы GPS-қарғыбау құрылғылар арқылы бақыланады. Мамандар жануарларды қорқыту әдістеріне үйретіп, қажет болған жағдайда оларды ұстау және бейтараптандыру үшін арнайы топ жұмыс істейді, — деп жазылған ведомство хабарламасында.
Жолбарыстан туындайтын кез-келген шығынды өтеу үшін «компенсациялық қор» құрылған. Жабайы мысықтар тәулік бойы бақылауда болса да, алда жалда тұрғындардың малы зардап шексе, осы қор арқылы әр жараланған жануардың құны үшін өтемақы төленеді.
Фото: Александр Павский / Kazinform— «Компенсациялық қор» Халықаралық ұйымдардың қолдауымен құрылды. Одан бөлек, 2025 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғындар үшін «ашық желі» іске қосылды. Мұнда жолбарысқа қатысты кез келген сұрақты қоюға болады. Сондай-ақ тұрғындар мал жайлау алаңдарын қосымша қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін электр қоршау құралын алуға өтініш қалдыра алады. Арнайы бағдарлама әзірленіп, ол әрбір тұрғын үй немесе елді мекеннен 5 км қашықтыққа жолбарыс жақындаған жағдайда жеке хабарлама жібереді. Барлық қауіпсіздік шаралары жергілікті тұрғындармен «Іле-Балқаш» мемлекеттік резерватының басшылығы өткізетін кездесулерде талқыланып, бірлескен шешімдер қабылданады, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Қазақстан жыртқыштарды табиғи мекеніне қайта бейімдеген алғашқы ел болады
Мамандардың пікірінше, бағдарлама сәтті іске асса, Қазақстан жолбарысты жойылған аймаққа қайта жерсіндірген әлемдегі алғашқы елдің бірі болады. Ел аумағында жолбарыс 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылған еді. Сонымен қатар, жолбарыс бүкіл әлем үшін негізгі, флагман түр болып саналады. Мұның экологиялық ахуалға да орасан зор пайдасы бар.
— Жолбарыстарды табиғи ортаға қайта жерсіндіру тек жануарларды сақтау емес, экожүйені табиғи қалпына келтіру үшін де маңызды. Бұл жыртқыш бұрынғы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіріп, басқа жануарлар мен өсімдіктердің де қайта оралуына жол ашады. Қазақстандағы бағдарлама тарихи жолбарыс таралған аймақты, оның ішінде кең жайылымдық экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған. Сонымен бірге, бұл биоәртүрлілікті сақтау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға және Балқаш ауданы мен Алматы облысының экотуризмін дамытуға мүмкіндік береді, — деп жазылған министрлік мәлеметінде.
Мақаланы оқығаннан кейін, тұран жолбарысын Қазақстанға қайта жерсіндіру үшін амур жолбарысы неге қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2009 жыл мен 2017 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер екі жыртқыштың ДНҚ-сы бірдей екенін көрсеткен.
Айта кетейік, Таиландта 72 жолбарыстың өліміне мысық вирусының өршуі себеп болған.