TURAQTY JOL 7.0: Шымбұлақ тау курортында Тянь Шань шыршасының 60 көшеті отырғызылды

19.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

«Шымбұлақ» тау курортында TURAQTY JOL 7.0 ұлттық әлеуметтік эконауқанының III кезеңі өтті. Іс-шара экологиялық бастамаларды, ағартушылық шараларды және белсенді жастарды біріктірді. Акция аясында ұйымдастырушылар мен серіктестер курорттың Shyrshaly бастамасына қосылып, Тянь-Шань шыршасының 60 көшетін отырғызды. Сонымен қатар курорттың базалық станциясы маңында ЮНЕСКО клубтарының күні өтіп, Алматы жастары әлеуметтік, экологиялық, білім беру және мәдени жобаларын таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ағаш отырғызу жұмыстары Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандарының жетекшілігімен жүргізілді. Бастама 2011 жылғы дауылдан зардап шеккен Кіші Алматы шатқалындағы қылқанжапырақты ормандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ Іле Алатауының тау экожүйесін және Қазақстанның табиғи мұрасын сақтауға бағытталған.

Shyrshaly жобасы «Шымбұлақ» тау курортының бастамасымен 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның алғашқы жылы 500 шырша отырғызылса, 2026 жылы мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. TURAQTY JOL 7.0 эконауқанының бұл бастамаға қатысуы жастарды табиғатты қорғауға бағытталған практикалық іс-шараларға тарту жөніндегі жүйелі жұмыстың жалғасы болды.

«Біз үшін TURAQTY JOL – жай ғана экологиялық акция емес. Бұл жастарға қоршаған орта алдындағы жеке жауапкершілігін түсінуге және сөзден нақты іске көшуге көмектесетін білім беру бағдарламасы. Бүгін ағаш отырғызу арқылы біз келер ұрпақ үшін табиғатты сақтауға үлес қосамыз. Бұл жұмысқа балалар мен жастардың, бизнес өкілдерінің, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың атсалысуы ерекше маңызды. Науқанның Бас серіктесі – Банк ЦентрКредитке және ресми серіктесі – «Шеврон» компаниясына айрықша алғыс білдіргіміз келеді. Осындай ынтымақтастық экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, әр адамның қосқан үлесі маңызды екенін көрсетеді», – деп атап өтті Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының коммуникациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Сабина Ақжарова.

Сонымен қатар «Шымбұлақ» базалық станциясы маңында Алматы жастарының бастамаларын біріктірген ЮНЕСКО клубтарының күні өтті. Қатысушылар тақырыптық стендтерде өз жобаларын таныстырып, экологиялық шеберлік сабақтарын өткізді. Интерактивті формат қонақтарға тұрақты өмір салтының тәжірибелерімен, экологиялық ағартумен және ЮНЕСКО клубтарының мәдениет, білім беру және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы қызметімен танысуға мүмкіндік берді.

TURAQTY JOL ұлттық әлеуметтік эконауқаны 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Науқан өскелең ұрпақтың бойында мәдени, адамгершілік және экологиялық құндылықтарды дамыту арқылы қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жоба іске асырылған жылдар ішінде ондаған мың қатысушыны біріктіріп, тұрақты дамуға бағытталған жастар бастамаларына қолдау көрсетті.

TURAQTY JOL 7.0 Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы ұйымдастырады. Эконауқанның Бас серіктесі – «Банк ЦентрКредит» АҚ. Ресми серіктесі – «Шеврон» компаниясы.

Өткізілген акция мемлекет, бизнес, азаматтық қоғам және жастар күш-жігерін біріктіру Қазақстанның табиғи мұрасын сақтауға және экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыруға нақты мүмкіндік беретінін көрсетті.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью