Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қазақ әдебиетіндегі асқар таудай әке тұлғасының бірегей көрінісі – жазушы Шерхан Мұртазаның шығармашылық зертханасында ерекше өрнектелген. Қаламгер тарихи тұлға Тұрардың азаматтық болмысы мен күрескерлік рухын оның басқан ізі, асқар тірегі болған Рысқұлдың қайсар бейнесі арқылы барынша шынайы әрі нанымды суреттейді.
Жазушы «Қызыл жебе» эпопеясында бұл күрделі мәселені ұзақ сонар баяндап жатпай-ақ, бір ғана сырлы үзіндіге тұтас бір дәуірдің идеясын сыйғыза білген: «Туған баласының алдында беделі жоқ әке сорлы. Рысқұлдың бағы бар екен. Тұрар оны пайғамбардай сыйлайды. «Әке көрген оқ жонар» болса, сол жеті жастағы жеткіншек Тұрар туған әкесінің турашылдығын, күштіден күбіжіктемейтін, мықтыдан ықпайтын тәкаппарлығын, жарлымын деп жасымайтын жігерін көріп өсті. Тұрар үшін Рысқұл ер біткеннің ішіндегі одағай оқ жетпесі».
Осы қанатты жолдар арқылы автор бала тәрбиесінде құрғақ өсиет пен жалаң ақылдың емес, әкенің өз тұлғасы мен шынайы болмысының ықпалы зор екенін аңғартады. Себебі ұрпақ айтылған сөзді жаттағаннан бұрын, көзбен көргенін бойына сіңіріп өседі.
Рысқұлдың тәлімі ұлының бойына тек қайсарлық пен намысты дарытумен ғана шектелмейді. Ол тар қапастың тауқыметін тартып отырса да, Тұрардың тұлға болып қалыптасу процесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Романдағы «Тұрар! Жағаңды кірлетпе!» деген бір ауыз сөздің астарында терең пәлсапалық тағылым, үлкен өмірлік кодекс жатыр. Бұл – жай ғана сыртқы тазалықты сақтау емес, адамның ар-ожданына, жүрген ортасына және ұлт алдындағы парызына деген адалдығын тәрбиелейтін ұлағатты ұран. Кейін Тұрар қандай биік лауазымды қызметтерді атқарып, мемлекеттік деңгейге көтерілсе де, осы қарапайым қағиданы өмірлік темірқазығына айналдырды. Жазушы астары терең мұндай ғибраттың адамның бүкіл тағдырына қалай әсер ететінін аса шеберлікпен жеткізген.
Шерхан Мұртаза Рысқұл бейнесі арқылы әкенің ең үлкен мұрасы дүние-мүлік немесе өткінші мансап емес, баласының бойына сіңірген рухани алтын діңгегі екенін дәлелдейді. Рысқұл Тұрарға әділдікті, намысты, тәртіпті, еңбекқорлық пен білімге деген құштарлықты аманат етіп қалдырды. Тұрардың әрбір тарихи жетістігінің артында әкесі дарытқан осы берік тәрбие мен өмірлік қатал ұстанымдар жатқанын жазушы оқырман жүрегіне дөп басып ұялатады.
Тұтастай алғанда, қазақ сөз өнерінде әке тәрбиесі – ұлттық болмыс пен мінездің қайнар көзі іспетті. «Қызыл жебедегі» Рысқұлдың Тұрарға берген бұл тағылымы – ұлт әдебиетіндегі Құнанбайдың Абайға көрсеткен қатал да терең мектебімен, Момышұлының Бауыржан тұлғасын шыңдаған қайсар өнегесімен іштей астасып, тамырласып жатыр. Сондықтан да Рысқұл бейнесі – қазақ прозасындағы осындай ірі, үлгі аларлық әкелер галереясының заңды әрі жарқын жалғасы болып қалмақ.
Нұрай НҰРБОЛҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті