Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Әлеуметтік желіде Ертіс өзенінен бөлініп ағатын жылы ағыс сағасының мұнай өнімдерімен ластанып, су бетінде май қабаты түзілгені туралы видео тарады.
— Мына жағдайды көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Судың бетінде түгелдей майлы қабат түзілген. Судан бензин мен мұнай өнімдерінің иісі шығып тұр. Бұл жай ғана қоқыс немесе лай су емес. Бұл нағыз ластануға ұқсайды. Біз Ертіске жыл бойына үнемі келіп тұрамыз. Ал бүгін судың лас екені анық байқалып тұр. Өзенге не болып жатыр? Ертіс — біздің өлкеміздегі басты су арнасы. Бұл — су, табиғат, экожүйе және адамдардың денсаулығы, — деп алаңдаушылығын білдіреді бейнежазбаны түсіруші адам.
Халық аузында жылы ағыс деп аталатын өзен сағасы қыс бойы қатпай, буы бұрқырап жатады. Себебі бұл өзеннің суын Ақсу қаласындағы ГРЭС өз өндірісін суыту үшін пайдаланады. Ертістен жырылып ағатын өзен сағасы электр стансасына салқын күйінде еніп, одан айтарлықтай қызып шығады. Осылайша ол төменгі жаққа жылы күйінде ағып, Ертіс өзеніне қайтадан қосылады.
— Жылы ағыс — Ертіс өзенінің маңызды сағасы. Оның суы Ақсу ГРЭС-інде ластаушы тетіктермен немесе өндіріспен жанаспайды, тек жабдықтарды суыту үшін пайдаланылады. Кәсіпорын өзен суын ластаушы зат бөлмейді. Біздің мамандар аталған бейнежазбаны көрді. Арнайы зертхана мамандары бүгін жылы ағысқа аттанып, одан сынама алады. Су құрамын зерттеудің өзіндік әдіс-амалдары бар. Ол шамамен 5 тәулікке ұласуы мүмкін. Өзен суының неден ластанғаны содан соң барып белгілі болады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.
Ертіс өзенінің суын үш бірдей мемлекет — Қытай, Қазақстан, Ресей елдері пайдаланатынын айтып өтуіміз керек. Өзеннің төменгі ағысында Павлодар облысының Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандары орналасқан. Бұл аумақтардың халқы өзен суын егін және мал шаруашылығы үшін кеңінен пайдаланып отыр.
Еске сала кетейік, Ертіс бассейні аумағында заңсыз салынған 13 нысан жойылады.