Түрік мәдениеті орталығында Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты көрмесі ашылады

29.10.2025

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігімен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Нидерланд Корольдігі арасындағы мәдени байланысты нығайту, сондай-ақ Ұлы Дала халқының бай тарихын, көшпелі өркениеттің мәдениетін, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын, философиясы мен дүниетанымын кеңінен таныстыру.

Экспозицияда Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей жәдігер ұсынылады. Олардың арасында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен қолданбалы өнерін бейнелейтін этнографиялық бұйымдар, тарихи фотосуреттер және қазақ пен түркі халықтарының музыкалық аспаптары бар.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнатылған. Амстердамдағы Түрік мәдениеті орталығы – түркі мәдениеті мен өнерін әлемге кеңінен танытуды мақсат еткен беделді ұйым.

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы қаласы тарихы музейі – еліміздің мәдени және қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып келе жатқан заманауи мәдени мекемелердің бірі. Соңғы жылдары бірлестік халықаралық серіктестік бағытында айтарлықтай табысқа қол жеткізді.

Музей қорларындағы ерекше топтамалар бұған дейін Сеул (Корея Республикасы), Ыстамбұл (Түркия), Неаполь (Италия), Вена (Австрия), Прага (Чехия), Карцаг (Венгрия) және Белград (Сербия) қалаларында таныстырылды.

2025 жылы маусым айында Париж қаласында (Франция), ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен көрме ұлы композитор, дирижер және күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.

«Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесі – Ұлы Дала мәдени мұрасын Еуропа халқына танытатын, қазақ руханияты мен тарихының терең тамырын паш ететін маңызды мәдени оқиға болмақ.

Айта кетейік, Ұлттық музейде Қытайдың ежелгі қолөнер жауһарлары көрмесі ашылды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью