Туристік орындарда инфрақұрылым жаңарады

18.12.2025

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Биыл 9 айда ел ішінде жеті миллионға жуық туриске қызмет көрсетілген. Былтырғы қаңтар-қыркүйек арасындағы нәтиже алты миллион шамасында болған еді.

Мұндай өсімге инфрақұрылымның жақсаруы мен курорттық аймақтарға көңіл бөлінуі әсер етті дейді жауаптылар. Биылғы отандық туризмнің даму қарқыны қалай? Салада қандай өзгерістер бар? 

Биыл елімізде 3 басым туристік дестинация бойынша кешенді даму жоспары қолға алынған. Бұл қатарда, Маңғыстау және Шучинск-Бурабай курорттық аймақтары мен Алматы тау кластері бар. Қазір бұл аймақтарда 147 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 400 млрд теңгеден асады. Оң өзгерістерді қарапайым туристер де байқаған.

3 басым туристік дестинация

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы

«Маңғыстау» туристік аймағы

Алматы тау кластері

Инфрақұрылымдық  жобалар саны – 147

Жалпы құны – 400 млрд теңге

Назерке Абибулла, экотурист:

- Мысалы, адамдар тауда қалып қояды ғой. Жол таба алмай қалып, адасып кетуі мүмкін. Немесе газ балоны азайып қалуы мүмкін. Тамақ таусылып қалуы мүмкін. Соларға арнап контейнерден жасалған үйшіктер жасалған. Сол үйшіктерде телефон қуаттайтын электр тогы бар. Күн панельдері қойылған. Оның жанында отыратын орындықтар жасап қойған. Яғни Алматының маңайындағы тауларда жағдай жақсарып келеді.

2022 жылдан бері туризм саласында 7 түрлі мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істеп келеді. Биылғы алты айда бір жарым млрд теңге қаражатқа 85 өтінім мақұлданды. Соның нәтижесінде кейінгі бес жылда 385  санитариялық-гигиеналық торап салынған.  Биыл тағы 217 нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Санитариялық-гигиеналық тораптар

Жалпы саны – 385

2020 жылы – 110

2021 жылы – 38

2022 жылы – 53

2023 жылы – 63

2024 жылы – 121

2025 жылы – 217

Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:

- Отандастарымыздың арасында Баянауыл ұлттық паркі, Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай, Шардара су қоймаларына деген сұраныс жоғары. Әсіресе жаз мезгілінде осы аймақтарда демалушылардың саны күрт көбейді. Сондықтан бұл жерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамту міндеті тұр. Осылайша, алдағы 2-3 жылда туризм сапасын арттыру көзделген.

Қазір Қазақстан қысқы туризмге де көңіл бөле бастады. Бүгінде елімізде 15 тау-шаңғы курорты бар. Оның төртеуі Шығыс Қазақстанда болса, тағы үшеуі Ақмола облысында. Қарағанды өңірі және Алматы қаласы мен облысында екі-екіден қысқы демалыс орны бар. Ал Павлодар мен Түркістан облыстарында бір-бірден орналасқан. Қазір мемлекет басшысының тапсырмсасы аясында 2029 жылға дейінгі Алматы тау кластерін дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленген. Құжатта 7 маңызды бағытты қамтитын 69 шара бар.

Қазақстандағы тау-шаңғы курорттары – 15

ШҚО – 4

Ақмола облысы – 3

Қарағанды облысы – 2

Алматы қаласы – 2

Алматы облысы – 2

Павлодар облысы – 1

Түркістан облысы – 1

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью