Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстанның туристік саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризмнен бюджетке түскен салық көлемі 630 млрд теңгеден асып, бір жыл ішінде 18 пайызға өскен.
Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Оның айтуынша, туризмнің ел экономикасына қосқан жалпы үлесі 5 трлн теңгеге жеткен.
Салаға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. Өткен жылы туризмге салынған инвестиция 33 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар Қазақстанға келген шетелдік туристердің шығыны 2,9 млрд долларға жеткен.
Қазір туристік индустрияда 600 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл туризмнің елдегі маңызды экономикалық секторлардың біріне айналғанын көрсетеді.
Саланы одан әрі дамыту үшін биыл бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, шекарадан өтетін туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» жүйесі енгізілмек. Бұл ұйымдасқан туристік топтардың шекарадан өту уақытын қысқартып, халықаралық туризмді дамытуға серпін береді.
Сондай-ақ визит-орталықтардың мәртебесі заңмен бекітіліп, олардың қызметіне қойылатын талаптар нақтыланды. Ал гидтер, экскурсия жүргізушілері мен туризм нұсқаушыларының жұмысына қатысты жаңа ережелер қабылданбақ.
Ішкі туризмді қолдау мақсатында тағы бір маңызды жаңалық енгізілді. Енді 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады. Бұл шешім отбасылық демалысты қолдап, оқушылардың танымдық саяхаттарға жиі шығуына мүмкіндік береді.
Үкіметтің бағалауынша, қолға алынған шаралар туристер ағынын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және салаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. Туризмнің қарқынды дамуы өңірлер экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және мемлекеттік бюджет кірістерінің ұлғаюына жол ашып отыр.