Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Атап айтқанда, орналастыру орындарында тоқтаған ішкі туристер саны 10,1 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн-ға артты. Шетелдік қонақтардың да қызығушылығы өсіп келеді: қонақүй қызметін пайдаланған туристер саны 1,4 млн адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 132,3 мыңға көбейді.
Жалпы, 2025 жылы Қазақстанға түрлі туристік мақсатпен (жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін келгендерді есептемегенде) 15,7 млн шетел азаматы келді. Оның ішінде 11,1 млн адам турист ретінде тіркелді. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Саланың экономикалық тиімділігі де артып келеді. Орналастыру орындары, демалыс базалары мен қонақ үйлердің жалпы кірісі 350,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 50,8 млрд теңгеге ұлғайды. Туристік инфрақұрылым кеңейіп, орналастыру нысандарының саны 4 482-ге жетті. Бір мезетте қабылдау мүмкіндігі 233 мыңнан астам төсек-орынды құрады.
Инвестициялық белсенділік те күшейді. 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 32,6%-ға өсіп, 1 256,9 млрд теңгеге жетті (2024 жылы – 947,6 млрд теңге).
Жалпы көрсеткіштердің артуы туризм саласының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және Қазақстанның ішкі әрі шетелдік туристер үшін тартымдылығы күшейіп отырғанын айғақтайды.
Бұған дейін елімізде туризм саласында кәсіби мамандар жетіспейтінін жазғанбыз.