Түркістан облысы 500 ден астам бос жұмыс орны ұсынылды

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Түркістан облысы да жұмыспен қамту шараларына басымдық берген. Оның игілігін биыл 74 мыңнан астам адам көрмек. Өңірде 54 мың адам тұрақты, ал 18 мыңнан астамы субсидияланатын жұмысқа орналасады. Бұл туралы бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкеде айтылды. Шараға 30-ға жуық мекеме қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. 

Түркістан қаласының тұрғыны Нұрайдар Қаншыбаев жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің бірі. 22 жастағы қос дипломды жас маман бұған дейін сауда саласында еңбек еткен. Түрлі себептермен істі болып, жазасын өтеп шыққаннан кейін еңбекке қайта араласқысы келеді. Есеп-қисап ісіндегі жинаған тәжірибесіне сай тұрақты жұмыс іздеп жүр. 

Нұрайдар Қаншыбаев, қала тұрғыны:

- Өзіме ыңғайлы жұмыстар қарап жатырмын. Бұған дейін сату маманы бойынша жұмыс істегенмін. Компанияарда істедім. Мұнда БНК групп компаниясына кеңсе менеджері ретінде өтініш қалдырдым. 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне пробация есебінде тұрғандар мен жазасын өтеп шыққандардан бөлек, екі қолға бір күрек іздеген қала тұрғындары да қатысты. Жұмыс беруші тарапынан 500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. «Шараның басты мақсаты – азаматтарды еңбекке тартып, жұмыспен қамту», - дейді ұйымдастырушылар. 

Кемеңгер Сабырхан, Түркістан қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

- Азаматтар келіп, өздерінің мәліметтерін тастап, жұмысқа кіріп жатыр. Жүргізуші болып фирмаларға, зауыттарға жұмысқа кіріп жатыр. Ол жерге де күзетші, еден жуушы болып орналасып жатқандар бар. Қазіргі таңда Түркістан қаласының пробация есебінен жүз адам келді. Кентау, Саураннан да сондай жүзге жуық келді. Бұл тек қана сотты болған азаматтарға емес, жалпы қоғамға арналған іс-шара. 

Өткен жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында облыста 147 мың азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 59 мыңнан астамы тұрақты, 46 мыңы уақытша, қалғандары еңбек нарығындағы түрлі бағдарламалар арқылы жұмысқа тұрған. 

Әлімхан Жамалбеков, Облыстық еңбек мобилді орталығының директоры:

- Жалпы 2026 жылға жоспар 74 516 жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Оның ішінде ұлттық және жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 2465 жұмыс орны, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны аясында 11 476 жұмыс орны, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 18 530 азамат, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 40 595 азаматты қамту көзделіп отыр. Жалпы 54 мыңы тұрақты, 20 мыңын уақытша жұмыс орындарымен қамту жоспарлануда. 

Бүгінгі күні облыста жұмыссыздық деңгейі 4,6% пайыз. Мамандар өңірге дәнекерлеуші, электрик, механик, жүргізуші, тігінші секілді жұмысшы мамандықтар әлі де қажет екенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью