Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Түркістан облысында ұзындығы 143 шақырымнан астам ирригациялық желіні реконструкциялау жобасы басталды.
Оңтүстік өңірге жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
"Ордабасы ауданында министр ұзындығы 26,15 шақырымды құрайтын "Найман" каналының реконструкция жұмыстарымен танысты. Бүгінде нысанды бетондау жұмыстары толық аяқталған. Жоба аясында канал бойында 75 гидротехникалық нысан салу да қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 98%-ға орындалды", - дейді министрлік.
Сондай-ақ министр Арыс ауданында 143,4 шақырым ирригация желісін реконструкциялау жобасы аясындағы жұмыстармен танысты. Бұл жоба 8281,7 гектар суармалы жерді суару суымен қамтамасыз етуге бағытталған.
"Былтырғы вегетация кезеңі климат өзгеріп жатқан жағдайда суды дұрыс басқарудың маңызын айқын көрсетті. Жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар қолда бар су ресурстарын, соның ішінде су шығынын азайту арқылы тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін құжат әзірлеуден бастап, құрылыс пен нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмысқа толық бақылау қамтамасыз етілуі қажет", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.