Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Еңбек және халықты қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, жылдың алғашқы үш айында өңірде еңбек қатынастары саласына 874 азаматтан арыз-шағым түскен, оның 796-сы заң талаптарына сай қаралған. Түскен өтініштердің 65 пайызы — мемлекеттік органдардың жұмысына, 35 пайызы — жеке секторға қатысты.
— Арыз-шағымдар негізінде 87 тексеру жүргізіліп, 134 заң бұзу анықталды. Нәтижесінде 10,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 90 пайызы өндірілді. Өндірістік жарақаттану бойынша 10 жазатайым оқиға тіркеліп, 13 адам зардап шекті. Оның ішінде 4-еуі ауыр, 7-еуі жеңіл жарақаттанса, 2 адам жұмыс орнында көз жұмды. Жарақаттану деректері негізінен денсаулық сақтау және шағын кәсіпкерлік салаларында тіркелген, — деді департамент басшысының орынбасары Мұрат Төлендиев.
Спикердің айтуынша, аталған өндірістік жарақаттар бойынша жұмыс берушілерге қатысты қылмыстық іс қозғау үшін 4 іс-құжат құқық қорғау органдарына жолданған.
Бүгінде облыста 5425 белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 3322-і (61,2%) өз қызметкерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасаған. Ал 2103 кәсіпорын жұмыскерлерін сақтандырумен қамтымаған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстанда былтыр өндірістік жазатайым оқиғалар саны 1380-ге жеткен.