Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Түркістан облысы Сайрам ауданы Машат ауылындағы Машат өзенінде суға кеткен 2024 жылы туған бүлдіршінді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Алдын ала мәлімет бойынша, 31 наурыз күні сағат 18:00 шамасында 2 жасар бала ойнап жүріп, суға құлап, батып кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ТЖД Жедел-құтқару жасақтары, Полиция департаменті, прокуратура, жедел медициналық жәрдем қызметі, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
"Қазіргі уақытта су түбі 1 км, жағалау сызығы 5 км (жаяу) тексерілді. Сондай-ақ дрон арқылы 1 км аумақ бақыланды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр", — деп хабарлады облыстық ТЖД.
Жалпы іздестіру жұмыстарына 250-ге жуық адам, 14 техника, 2 жүзу құралы, ТЖМ 1 кинологиялық есебі мен ұшқышсыз ұшу аппараты және 1 спутниктік байланыс құралы тартылған.