Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Түркістан облысында жұбайын күштеп психикалық диспансерге жатқызған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
18 жыл бірге тұрған әйелінің қол-аяғын байлап, мәжбүрлеп емдеу мекемесіне апарған Ділмұрад Ибрагимов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмектескен екі танысы сыбайлас ретінде танылып, әрқайсысы 8 жылға сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, екі жыл бұрын 35 жастағы Дияра Ибрагимованы күйеуі мен оның таныстары үйінен күштеп алып кеткен. Әйелдің қол-аяғын байлап, аузын жауып, Түркістаннан Шымкенттегі психикалық диспансерге жеткізген. Тергеу нұсқасына сай, бұл әрекет отбасылық жанжалдан кейін жасалған.
Үкімді Түркістан қалалық ауданаралық сотының судьясы Санжар Қойшыманов жариялады. Сот шешімімен Ділмұрад Ибрагимов 9 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Сот залында оған қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол бірден қамауға алынды.
Жәбірленуші сот үкімімен келіскенін, бірақ психикалық диспансер дәрігерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берілуін қалайтынын айтты. Оның сөзінше, мекемеде дәрі қабылдауға мәжбүрлеген.
Сот жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 11 миллион теңге өндіруді міндеттеді. Ерлі-зайыптылардың төрт кәмелетке толмаған баласы бар, қазіргі уақытта олар анасының қарауында.