Түркістан облысында автогаз тапшылығы байқалып жатыр

13.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Жүргізушілердің айтуынша, Түркістан қаласындағы автогаз бекеттерінің көбінде газ жоқ.

— Газ бар бекеттердің өзінде сағаттап күтуге мәжбүрміз. Алдын ала жазылып жатырмыз. Бір бекетте күтіп тұрған көліктер саны 100-ден асады. Өзім түсте келіп едім, тек кешке ғана кезегім жетті. Кентау қаласында да жағдай осындай, — деді қала тұрғыны.

Осыған байланысты Kazinform тілшісінің сауалына Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Өмірәлиев жауап беріп, жағдайды түсіндірді.

Оның айтуынша, өңірде газдың тәуліктік тұтыну көлемі 500-550 тоннаны құрайды. Сәуір айына облысқа 8 392 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Алайда осы айда шамамен 40 пайыз деңгейінде тапшылық болады деп болжанған.

— Бұл жағдай «ПҚОП» ЖШС (Шымкент мұнай өңдеу зауыты) өндірістік қуаттарында 27 наурыз бен 5 мамыр аралығында жүргізіліп жатқан жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына байланысты болып отыр. 9-12 сәуір аралығында Ақтөбе мұнай газ зауытынан облысқа 2304 тонна газ жөнелтілді. Ай соңына дейін аталған зауыттан кезең-кезеңімен қажетті көлем жіберіледі. Сонымен қатар, Теңізшевройл компаниясынан 612 тонна сұйытылған газ жеткізілді, — деді ол.

Спикердің сөзінше, қазіргі таңда Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби, Сауран, Отырар аудандарында сұйық отын тапшылығы байқалған.

— Аталған аудан, қалаларға «Теңізшевройл» ЖШС-нен сұйытылған мұнай газын алатын ірі субъектілер арқылы станцияларға қажетті көлемде тұрақты жеткізіліп отыр. Алайда бұл субьектілердің аудан, қалалар аумағында автогаз құю бекеттерінің аз болуы себепті кезек көбейіп, тапшылық сезіліп отыр, — деді Қуаныш Өмірәлиев.

Қалған субъектілерге тиесілі сұйық отын көлемі Ақтөбе мұнай-газ зауыты бекіткен кестеге сәйкес теміржол арқылы жөнелтіліп жатыр. Қазір «Қазақстан темір жолы» қызметкерлерімен бірлесіп, оны жедел түрде газ толтыру станцияларына жеткізу жұмыстары қолға алынған.

— Облыс бойынша 13 сәуір күні сағат 09:00–ден бастап газ толтыру станцияларынан сәуір айына бөлінген сұйытылған мұнай газы аудан, қалаларға жөнелтіле бастады. Бұл шара тапшылық туындаған ахуалды тұрақтандыруға бағытталған, — деді спикер.

Айта кетейік, қазір өңірде автогаз құю бекеттеріндегі қор көлемі 394 тоннаны құрайды. Бүгінде облыста сұйытылған мұнай газын таратумен 43 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Газдың бөлшек бағасы литріне 102-107 теңге аралығында.

Бұдан бұрын Маңғыстауда газды өзге өңірлерге сатқан кәсіпкерлер анықталғанын жазған едік. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью