Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бейнежазбадан белгісіз адамдардың кесене есігін бұзуға әрекет жасап жатқанын көруге болады.
Осыған байланысты Kazinform тілшісіне Бәйдібек ауданы әкімдігі ресми түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған Домалақ ана кесенесі маңындағы оқиға 27 наурыз күні түсірілген. Туристердің Атырау облысынан арнайы келіп, кесенеге кіре алмай тұрғаны анықталған.
Белгілі болғандай, аталған дау соттың кесене шырақшыларын мәжбүрлеп шығару туралы шешіміне байланысты туындаған.
— Домалақ ана кесенесі және оған тиесілі жер учаскесі Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл саябақтар» КММ теңгерімінде тұр. Түркістан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2025 жылы ақпан және қазан айларында кесене шырақшылары Сәттігүл Дәулетова мен Құрманбек Дәулетовке қатысты мәжбүрлеп шығару туралы шешім шығарған, — делінген аудан әкімдігінің ақпаратында.
Әкімдіктің хабарлауынша, 2026 жылғы 27 наурызда сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушысы А.Бегалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Алайда шырақшылар тарапынан кесене есіктеріне құлып салынып, туристердің кесенеге кіруіне кедергі келтірілген.
— Оларға теріс әрекеттері үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерту жасалды. «Жасыл саябақтар» мекемесі тарапынан сот шешімін толық орындау бағытындағы жұмыстар жалғасады, — деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан бұрын Түркістанда 40-қа жуық кәсіпкердің демалыс аймақтары салынған жерлері дауға қалғанын жазған едік.