Arasha.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Сайрам ауданында 20 жастағы жігітті 25–30 адамнан тұратын топ соққыға жықты. Туыстарының айтуынша, ол ес-түссіз жатқан кездің өзінде шабуылдаушылар оның басынан теуіп, соққының астына алған. Кейіннен жас жігітті иен жерге апарып тастаған. Жақындары оны екі сағаттан соң ғана тауып алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Туыстарының сөзіне қарағанда, жанжал күндіз көкпар кезінде басталған. Кешке жігітті мектеп жанына «сөйлесуге» шақырған, ол жерде оны қаруланған топ күтіп тұрған. Жәбірленуші бір аптаға жуық реанимацияда жатты, қазір палатаға ауыстырылғанымен, әлі де дұрыс сөйлей алмайды және түсініктеме беретін жағдайда емес. Оның екі досы да түрлі жарақат алған.
Ата-анасы шабуыл жасағандардың қаруы (пышақ, тапанша және кастет) болуы мүмкін екенін айтады. Олар ұлының қауіпсіздігіне алаңдап, төбелеске қатысқандардың ешқайсысы қамауға алынбағанына наразылық білдіруде.
Түркістан облысының полиция департаменті топтық төбелес фактісі бойынша екі күдіктінің ұсталғанын, бірақ кейін олардың үйқамаққа жіберілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.