Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Түркістан облысында мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында бірқатар заңсыздық анықталды.
Дәлірек айтқанда, заңсыздықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу және жұмсауға қатысты.
Соның ішінде, лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді сапасыз әрі тиісті деңгейде көрсетпеу жағдайлары белгілі болды.
Мәселен, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз "офтальмолог", "гастроэнтеролог", "аллерголог", "уролог", "психиатр", "гематолог" сынды бейіндік мамандардың атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған.
"Сонымен қатар 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызметтерді жалған көрсету фактілері анықталды. Екі аффилирленген клиника өздеріне формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген", - деп жазылған хабарламада.
Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған пациентке "қызмет көрсеткені" тіркелген.
Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады.
Аталған фактілер бойынша материалдар сотқа жолданды.