Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ақсу су арнасы соңғы екі жыл бойы негізгі жолға қарай ығысып, жағалауды шайып келген. Қазіргі кезде су шайған аумақтың ұзындығы шамамен 20 метрге жеткен.
Бүгінгі таңда су арнасы мен жолдың арасын небәрі үш метр бөліп тұр. Бұл жағдай көктем мезгілінде су көлемі артқан жағдайда жолдың опырылуына және су тасқыны қаупінің күшеюіне алып келуі мүмкін.
Аталған мәселеге байланысты Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев тиісті сала басшыларымен бірге қауіпті аумаққа барып, жағдаймен танысты.
— Су арнасының бағытын өзгертуді жоспарлап отырмыз. Егер су тасыса, жолды толықтай қопарып кету қаупі бар. Сондықтан бұл мәселеге қазірден бастап кірісеміз. Көктемде су көлемі күрт артатынын ескере отырып, арнайы техникаларды жұмылдырып, су арнасын ретке келтіру және қалпына келтіру жұмыстарын жедел жүргізу жөнінде жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді, — деді аудан әкімі.
Бұдан бұрын Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатқанын жазған едік.