Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Төрт жасар Афшона Абдикаримова ерекше есте сақтау қабілетімен көпшілікті таңғалдырып жүр. Кішкентай бүлдіршін әлемдегі 195 мемлекеттің туын жаңылмай жатқа біледі.
Фото: Фаёз Абдикаримовтың жеке мұрағатынанАфшонаның бұл қызығушылығы үш жасында басталған. Әкесінің айтуынша, ол небәрі бір ай ішінде дүниежүзі елдерінің туларын жаттап алған. Қазіргі таңда 200-ге жуық тудың суретін жинап, әрқайсысын оңай танып, атын атайды. Сонымен қатар 50-ден астам елдің астанасын бір апта ішінде жадына тоқып үлгерген.
Фото: Фаёз Абдикаримовтың жеке мұрағатынан– Үйге дүниежүзі картасын іліп қойған едім. Үлкен ұлдарым соған үңілген сайын қызым да бірге қызыға бастады. Тулардың ішінен Қазақстанның көк байрағын ерекше жақсы көреді. Бұл оның елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі, - дейді әкесі Фаёз Абдикаримов.
Қазіргі таңда Афшона шахмат ойнауды үйреніп жүр. Екі ағасымен жаттығады. Болашақта ол өзі туын жатқа білетін елдерге саяхаттап, туризм саласында Қазақстанның абыройын асқақтатуды армандайды.
Зерек қыздың әкесі Фаёз Абдикаримов – №9 Майлықожа атындағы жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі. Ол білім беру саласында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бірнеше тілді жетік меңгерген ұстаз қазақ, тәжік, өзбек, ағылшын, орыс және парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Сонымен қатар өлең жазумен де айналысады.
Фото: Фаёз Абдикаримовтың жеке мұрағатынан– Баланың басты ұстазы – ата-ана. Барлық тәрбие отбасынан басталады. Балаларыма мемлекеттік тілді үйретіп, елін сүйетін азамат болып өсуіне мән беріп келемін. Отанымызды бірге сүйіп, бірге көркейтейік, - деді ол.
Бұдан бұрын тісімен сурет салатын түркістандық қыз елді таңғалдырғанын жазған едік.