Түркістан облысында тұрғындар лай су ішіп отырғанына шағымданды

11.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қала тұрғындарының айтуынша, бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Олар жылдар бойы ауызсудың сапасына шағымданып келе жатқанымен, мәселе әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Тұрғындар мұндай суды ішу денсаулыққа қауіпті екенін айтады. Олардың сөзінше, лас су асқазан-ішек ауруларын тудырып, бүйрекке зиян келтіреді. Соңғы уақытта дәл осындай шағыммен дәрігерге жүгінетіндер де көбейген.

Тұрғындардың айтуынша, тәуелсіз зертхана жүргізген сараптама нәтижесінде суда түрлі бактериялар анықталған.

Ленгер қаласының тұрғыны Ольга Ивашкова су мәселесімен бес жылдан бері күресіп келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, екі жыл бұрын да тұрғындар бұл мәселеге байланысты наразылық білдірген.

— Ондай ластанған суды тіпті жануарларға да беруге болмайды, ал оны тұрмыста немесе тағам дайындауға пайдалану туралы айту да қиын. Бізге келетін судың сапасы төмен болса да, бір текше метрі — 90 теңге. Бұған дейін жауапты мекемелер құбырлардың тозғанын айтып, қаладағы су жүйесі толық жаңартылғанын мәлімдеген еді. Соған қарамастан судың сапасы әлі күнге дейін талапқа сай емес, — деді ол.

Ленгер қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев ауызсу мәселесі өзекті екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, бұған дейін қалаға бұлақтан тікелей су жеткізілген. 2025 жылдың соңында үш ұңғыма қазылып, сол жерден су берілген. Алайда техникалық ақаулардың салдарынан су лайланған.

— Судың лайлануының басты себебі — «Достық» бағытынан келетін құбыр жарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қайта қосқан кезде су лайланып кетті, — деді қала әкімі.

Мәселеге алаңдаған тұрғындар ауызсу мәселесін шешуді талап етіп, әкімдікке барды.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

— Магистральдық су құбырында екі рет ақау болды. Біз оны анықтап, жөндедік. Сонымен қатар «Достық» ұңғымасындағы насос станциясы істен шықты. Оны ауыстырдық. Су сапасының уақытша нашарлауына осы жағдайлар әсер етті, — деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда ақаудың бәрі ретке келтірілген. Жергілікті су арнасының өкілдері бұл уақытша қиындық деп сендіріп отыр.

— Биылдан бастап су толығымен жаңа ұңғымалардан беріліп жатыр. Бұрын құбырлар жылдар бойы сүзгісіз жұмыс істеген. Апаттық ажыратулар кезінде лай су келетін. Сорғы ауыстырғанда немесе құбыр жарылғанда суды уақытша тоқтатамыз. Ақау жойылған соң, құбыр ішіндегі алғашқы су міндетті түрде лай болып шығады, — деді Су арнасы директорының орынбасары Ербол Тантысбаев.

Жаңа ұңғымаларды бұрғылау мен құбыр тарту жұмысына бюджеттен 197 миллион теңге бөлінген. Екі ай бұрын іске қосылған су алу станциясы толықтай автоматтандырылған. Сорғы жұмысы мен барлық көрсеткішті мамандар онлайн режимде бақылай алады.

Дегенмен көктем-жаз мезгілдерінде Ленгер қаласында ауызсу тапшылығы байқалады.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, мәселені шешу үшін Достық елді мекенінен қосымша екі ұңғыма қазу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба құны — 283 млн теңге.

— Сонымен қатар ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыру, су қысымын реттеу және резервтік су қорын тиімді пайдалану мақсатында екі су мұнарасын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 124,6 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Оның 32,6 млн теңгесі аудан бюджеті есебінен қаралып, қалған қаржыға облыстық бюджеттен өтінім берілген, — делінген ведомство ақпаратында.

Бұдан бөлек, Ленгер қаласына қарасты «Көктерек» ашық су көзінен келетін судың лайлануына жол бермеу және ауызсу сапасын жақсарту үшін заманауи тазарту қондырғыларын орнату жобасы әзірленген. Құжаттама сараптаманың оң қорытындысын алған.

— Жобаның құны — 1,8 млрд теңге. Нәтижесінде 31 521 адам немесе 7 392 абонент таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр, — деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Бұдан бұрын Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен қатты лайланған су ағып жатқаны туралы жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью