Түркістан облысында үш жылда 655 медициналық мекеме пайдалануға берілді

24.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жылда 655 медициналық-санитариялық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 228 ауылда алғаш рет медициналық мекеме салынды. 

427 нысан ескі емхана мен амбулаторияның орнында бой көтерді. Нәтижесінде 1 миллионға жуық тұрғын дәрігерлік көмекті тұрғылықты жерінде алатын болды. Олардың қатарында түркістандықтар да бар. 

Ордабасы ауданының Қарабастау ауылында былтыр заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Мыңнан астам тұрғыны бар елдімекендегі ескі емхананың ғимараты тозған еді. Ауылдықтар аудан орталығына барып емделетін. «Әсіресе жүкті әйелдер мен қарттар үшін қатынау қиын болды», - дейді олар. 

Мадина Қабылбеков, ауыл тұрғыны:

- Қиыншылық күндеріміздің бәрі артта қалып, жақсы, әдемі медпункт салынды. Барлық қызмет түрі бар, кабинеттерінің бәрін жабдықтап, бұл да болса мемлекетіміздің ауыл халқына деген қолдауы. 

Дәл осындай дәрігерлік амбулатория Сайрам ауданы Құтарыс ауылында да ашылды. Бұл ауылдың тұрғындары да аудандық ауруханаға қатынап жүрді.  Енді жаңа медициналық мекеменің мамандары бір мезетте 25 адамды қабылдай алады. 

Сапарбай Өскенбаев, ауыл тұрғыны:

- Осы ғимаратты алты айдың ішінде салып бітірді. Осының іске асуына үлес қосқандардың барлығына халықтың атынан алғыс айтамын. 

Соңғы үш жылда облыстағы шалғай ауылдарда 90-ға жуық алғашқы көмек көрсететін заманауи үлгідегі медициналық-санитариялық нысан бой көтерді. Мамандар жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттің  барлығы соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айтады. 

Асхан Байдуалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Енді оның барлығы ауылда тұратын халыққа сапалы, қолжетімді қызмет көрсету үшін істелінді. Осы алдағы 2026-2027 жылдары қосымша тағы 40-тан астам осындай инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарланған. Ол жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге 4 ауданаралық аурухана ларды жаңғырту тапсырмасын берген. Үшеуін бітірдік, төртінші Сайрам ауданындағы аурухана қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін бітіреміз. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін алдымен инфрақұрылым, заманауи құрал-жабдықтар және білікті мамандар қажет екені белгілі. Қазір өңірде жаңа нысандар мен медициналық жабдықтар жеткілікті болғанымен маман тапшылығы бар. Аккушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог, травматолог, хирург сияқты 200-ден аса маман жетіспейді. Жауаптылар осы олқылықтың орнын толтыру 250-ден астам студентті резидентурада оқытып жатқандарын айтады.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболт Әбіш

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью