Түркістан облысындағы AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауында тұрғындарды толғандырған мәселелер қаралды

08.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Түркістан облысында «AMANAT» партиясының 18 қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындар мен жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы алтын көпірге айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бекітілген кестеге сәйкес, облыс әкімінің, аудан-қала әкімдерінің, мәслихат депутаттарының, департамент, басқарма басшыларының қатысуымен жеке және көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылып жатыр.

Мәселен, 2025 жылы Түркістан облысындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 15687 өтініш келіп түсті. Оның 10547-сі (67,2%-ы) оң шешімін тауып, қалған 5140 өтініш бойынша заң аясында кеңес берілді. Өтініштерді қарау мақсатында 3488 қабылдау өткізіліп, 15244 азамат өз мәселесімен жүгінген.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадакованың айтуынша, қоғамдық қабылдаулар барысындағы басты міндеттің бірі – әр азаматтың мәселесін жан-жақты қарап, оң шешілуіне ықпал ету.

«Осы мақсатта Түркістан өңірінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде облыс әкімі былтыр 18 қабылдау өткізіп, 127 тұрғынның өтінішін қарады. Ал аудан, қала әкімдері 70-ке жуық қабылдау өткізіп, 400 астам тұрғынның өтінішін қабылдады. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасарлары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары 221 қабылдау өткізіп, 900-ден астам тұрғынның өтінішін назарға алды. Бұл ретте, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, былтыр 874 қабылдау жүргізіп, 2500-ден астам тұрғынның өтінішін қабылдады. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, 1200 астам қабылдау өткізіп, 4100-ден астам тұрғынның өтінішіне құлақ түрді. Сонымен қатар қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында 107 тақырыптық қабылдау өткізіліп, заңгерлер, нотариустар, адвокаттар мен медиаторлар 787 азаматқа тегін құқықтық кеңес берді. Бұған қоса, сот құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетіліп, соттарда азаматтардың мүддесін қорғауға қажетті кеңестер ұсынылды, – деді Манат Жадакова.

Сонымен қатар, партияның Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің бастамасымен облыстық, аудандық филиалдың мобильді қоғамдық қабылдау тобы заңгер, адвокаттарды қоспағанда 60-тан астам мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен 17 аудан, қалалардағы шалғай елді мекендерде 461 мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Оған 4499 тұрғын жүгініп, азаматтардың 2711-і мәселесі, яғни 60%-ы оң шешілді. Ал қалған 1788 мәселе бойынша заң аясында кеңес берілді. Айта кетейік, шалғай елді мекендерде өтетін мобильді көшпелі қабылдаулар тұрғындар тарапынан кең қолдау тауып, нәтижелі шешім қабылдануына байланысты сұранысқа ие болуда.

Қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау жұмысы да жолға қойылды. Мәселесі оң шешімін тапқан азаматтардың партия қызметіне деген сенімі артып, олар саяси ұйым қатарына қосылуға ниет білдіруде.

Қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындарды негізінен баспана, ауыз су, жол сапасы, ФАП салу, медицина, білім беру мәселелері толғандырады. Сонымен қатар жайылым жерлердің жетіспеушілігі, ағын судың тапшылығы, алимент өндіру сынды өзекті тақырыптар да жиі көтеріледі. Аталған мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы билікке және депутаттар арқылы Парламент деңгейіне дейін жеткізіліп, нақты шешімдер қабылдануда.

Осылайша, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері халықтың мұң-мұқтажын тыңдалатын, нақты нәтиже беретін тиімді алаңға айналды. Азаматтарды толғандырған мәселелерді жүйелі әрі сапалы шешу арқылы партия тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтып, ел мүддесіне қызмет етуді жалғастырып келеді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью