Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
ҚР Президентінің телерадиокешені университет жайлы «Шамшырақ» деректі фильмін ұсынды. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Университет халықаралық ынтымақтастықты дамытып, жасанды интеллект, инженерлік және гуманитарлық бағыттарда жетекші зерттеулер жүргізіп, түлектерін әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарға айналдырады. 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан төрінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік университеттің іргесі қаланды. Бір жылдан кейін Қазақстан мен Түркияның келісімімен оқу орнына «халықаралық университет» мәртебесі берілді. 1992 жылы Анкарада жасалған үкіметаралық келісім негізінде университет ХҚТУ болып қайта құрылды.
Фото: Видеодан скрин
Ректор Жанар Темірбекова университеттің тәуелсіздіктің төл құрдасы екенін айтады.
— Әсіресе соңғы 5 жыл біздің университет үшін аса маңызды. 2021 жылдың наурызында Түркістан Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммитінде «түркі әлемінің рухани астанасы» статусын алды, — дейді білім ордасының басшысы.
Фото: Видеодан скрин
Университетте 30-дан астам түркітілдес елдің студенттері білім алып жүр. Оның көбі Түркия мен Әзербайжаннан, Якутиядан келеді. Апалы-сіңлілі Зехра, Эсра және Лала Азизовалар (Әзербайжан) Яссауи университетін білім сапасына қызығып таңдағандарын айтты.
Фото: Видеодан скрин
— Болашақ мамандығымызды жақсы меңгеріп шығуда осы білім ордасы өте үлкен мүмкіндік береді. Өйткені мұнда білім сапасы өте жақсы, — дейді олар.
Ал Түркиядан келген Эльдар Гусейнов студенттік шағын басқа мемлекетте өткізгісі келгенін, қыры таңдау бауырлас елдің көне шаһарына түскенін жасырмады.
Фото: Видеодан скрин
— Негізі маған бұл университеттің тіс дәрігерлігін әзірлету стратегиясы ұнады. Басқа мемлекетті де көргім келді. Тіліміз ұқсас болғандықтан дос табу сонша қиын болған жоқ, — дейді ол.
Ал Ресейдің Якутиясынан келген Настя есімді студент Түркістанда оқып жүріп қазақ тілін жақсы үйреніп алғанын айтып отыр.
Фото: Видеодан скрин
— Бұл университетте қазақ тілін үйрену арқылы өз тарихыма жақындадым. Қазақ тіліндегі сөздердің ішінде ең ұнайтыны — «қызыл» сөзі. Өйткені менің туған мекенімнің атауы да Қызыл, — дейді ол.
Шетелден келген талапкерлер Ясауи студенті атану үшін Кентау қаласындағы дайындық орталығында тіл үйреніп, интеграцияның әліппесін меңгереді. Ғылым мен инновация Кентау кампусы — тек тіл үйрету орталығы емес, нағыз инновациялар алаңы. Мұнда жасанды интеллект пен инженерлік салаларға басымдық берілген.
Студент Ислам Абдулахадов оқу орны үлкен мұратқа құрылған жобаларды іске асыруға қолдау білдіретінін айтады.
Фото: Видеодан скрин
— Университетім үлкен мүмкіндіктер берді. Болашақта өз жобамды бүкіл Қазақстанды қамтитын үлкен проекция жасауға бағыттап отырмын, — деді студент.
Фото: Видеодан скрин
Яссауи университетінің студенттері ChatGPT тәрізді қазақ тілінде сөйлейтін жасанды интеллект моделін жасап шыққан.
Майра ән салады, шәкірттер тамсанады
Білім ордасының асханасы күн сайын мыңдаған студентке сапалы тағам ұсынады. Ректордың орынбасары Эльмира Ыдырысова университет түлектерінің жұмысқа тұру деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. Тіпті медицина мен педагогикалық бағытта білім алған түлектердің 80-90%-ы жұмыс тапқан. Университеттің Өнер факультетінде әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы дәріс беріп жүр. Ал бокстан екі дүркін Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов осында білім алады.
— Оңтүстік — таланттарға өте бай, адам ресурсы сапалы жер. Бәлкім топырағында қасиет бар шығар. Қазір Өнер факультетінің дайындық тобында 18 бала бар. 18 әнші дайындап жатырмыз десе де болады. Ертең-ақ осы жастар осы өңірдің мәдениетіне мазмұн қосады, — дейді әнші.
Ал Сәкен Бибосынов спорт пен білімді қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті талап ететінін, сондықтан Яссауи университетін таңдағанын айтты.
Фото: Видеодан скрин
— Университет тарапынан әр жарыстың алдында да, кейін де зор қолдау көріп жатырмыз, — деді боксшы.
Оқу орнының студенттері 5 жылдың ішінде білім олимпиадаларында 359 жүлде алыпты. Ал ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі 5 жылда 30 есе өскен. 88 гектарды алып жатқан ботаникалық бағы бар. Мұнда тек 50 мың түп ағашы өсіп тұр. «Жасыл кампус» тұжырымдамасы аясында күн энергиясы мен гидроген энергиясы жүйелері қолданылады.
Халықаралық байланыс Ясауи университеті Түркиядағы 208 университеттің 140-ымен келісімге қол қойған.
— Ахмет Ясауи университетінің осы уақытқа дейін қалыптастырған әлеуеті Хаджеттепе университеті үшін, жалпы Түркия үшін аса маңызды. Біз осы жинақталған тәжірибені өзара ынтымақтастық аясында, қазіргі үрдістер мен өзекті тақырыптарды ескере отырып, түркі дүниесіне бағытталған қос дипломды білім беру бағдарламалары арқылы ұсынуды мақсат етіп отырмыз, — дейді Хаджеттепе университетінің деканы Ұғыр Садиоғлы.
Фото: Видеодан скрин
Түркістанның түлектері Еуропа мен Түркиядағы ғылыми орталықтарда қазақ тілін дәріптеп жүр. Мысалы, Микайл Дженгиз Хаджеттепе университетінде қазақша сабақ беріп, кейін Германиядағы Фрайбург университетінде оқытушы болған. Кейбір түлектер республикалық деңгейдегі үлкен лауазымдарға қызметке барса, кейбір үздіктер туған өлкені гүлдендіруге атсалысып жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев — солардың бірі.
— Менің кәсіби жолыма университет үлкен септігін тигізді. Бізбен бірге бітірген түлектердің кейбірі Түркияда үлкен-үлкен лауазымдарда жұмыс істеп жүр. Екі елдің қарым-қатынасының нығаюына бірден-бір септігін тигізіп жүрген адамдар солар, — дейді шенеунік.
Бедел мен рейтинг Университеттің клиникасы қаладағы 20 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Науқас қабылдайтын 170 төсек-орын бар. Ең күрделі деген оталардың өзі осында жасалады. Клиника жанынан қажеттілігі бар студенттерді қолдау орталығы ашылған. Педагог Гүлсара Тоққұлова бұл орталық ерекше студенттерге нақты жағдай жасап, инклюзивті қоғам құруға үлес қосып отырғанын мақтанышпен жеткізді.
Әлемдегі университеттер рейтингінің дерегі бойынша Ясауи университеті 2025 жылы Азия көлемінде 193-орынға, Орталық Азия бойынша 9-орынға шықты.
Университет ректоры Жанар Темірбекова халықаралық байланыстар білім сапасына әсер ететіне сенімді.
— Ясауи университеті Орта Азия университеттері арасында алғашқы болып Гарвард университетімен бірге кең көлемді ортақ жобаны іске асырды, — дейді ол.
Қазір Ясауи университетінің түлектері мемлекеттік басқару мен экономиканың түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Оқу ордасы Түркістанның рухани мұрасын жаңғыртып, заманауи ғылыммен ұштастырып, түркі әлемінің білім шамшырағына айналып келеді.
Осыған дейін