Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Зауыттың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады.
Фото: Түркістан облысы әкімдігіФото: Түркістан облысы әкімдігі— Алдымен баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімекттің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканың нақты секторын күшейту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде тапсырма берді. Өңірімізде осы бағытта жұмыс жалғасуда. Бүгін біз Түркістан облысының дамуы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында жаңа зауыт ашылып, жұмыс орындары құрылды. Біз үшін әрбір өндіріс орны мен жоба маңызды. «QazEcoPack» компаниясы жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Осы бастаманы жүзеге асырған Халмет Думан ағамыз бен кәсіпорын ұжымына сәттілік және табыс тілеймін, — деді Нұралхан Көшеров.
Зауыт құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын білдіріп, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының ұсынған мүмкіндіктері мен көмегіне риза екенін жеткізді.
Фото: Түркістан облысы әкімдігіКомпания бастапқы және қайта өңделген шикізаттан полиэтилен қаптама өнімдерін өндіруге бағытталған өндірістік жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатыр. Кәсіпорын отандық нарықты сапалы өніммен қамтып, импорт көлемін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға үлес қосуды көздейді.
Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Соның бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл зауытта жылына 1 500 000 дана скотч өндіріледі. Өнімдер Қазақстан мен ТМД елдеріне жеткізіледі.
Фото: Түркістан облысы әкімдігіАл екінші кезең 2026 жылдың желтоқсанында жүзеге асып, жылына 350 000 келі стрейч-пленка және 80 000 дана ауа-көпіршікті пленка шығару жоспарланған. Үшінші кезең 2027 жылы іске асырылып, жылына 500 000 келі полиэтилен өнімдері өндіріледі деп күтіліп отыр.
Кәсіпорынның жұмысын бастауы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Бірінші кезеңде 20 адам жұмыспен қамтылды. Ал алдағы кезеңдерде тағы да жұмыс орындары құрылмақ.
Жобаның жалпы құны — 1,21 млрд теңге. Қазіргі уақытта 1440 м² аумақтағы өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта қосымша 5 760 м² аумақта тағы 4 ғимарат салу жоспарланған.