Түркістанда тік дренаждарды қалпына келтірудегі кемшіліктер егістікке зиян тигізді

23.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Жетісай ауданында тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жер асты суы өз деңгейінен жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған.

2023 жылдың қазан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен және «Ислам Даму банкі» қаржысы есебінен 210 дана тік дренажды ұңғымасын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған болатын. Жобаға сәйкес, аталған жұмыстар 2026 жылдың сәуір айында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

— Жоспар аясында «КиікбайСтройСервис» ЖШС арқылы Мақталы, Қызылқұм және Абай ауылдық округтерінде 97 дана тік дренаж қалпына келтіріліп, 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген. Ал «Арт-Құрылыс» ЖШС Ералиев, Ынтымақ және Ш. Ділдабеков ауылдық округтерінде 113 дана тік дренажды қайта жаңғыртып, 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсартуды мақсат еткен. Алайда қазіргі таңда мердігерлер жұмыстардың басым бөлігін орындағанымен, бірқатар олқылық анықталды. Атап айтқанда, тұрғындардың елдімекендерге, шаруалардың егістік алқаптарға кіріп-шығуында кедергілер туындап, кейбір аумақтарда қашыртқылардың беті ашық қалып қойған. Сонымен қатар автожолдарға келтірілген залал жойылмаған, — делінген аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Осыған байланысты аудан әкімі Серік Мамытов мердігерлерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды қатаң тапсырды. Сондай-ақ атқарылған жұмыстарға тиісті сала мамандарының қатысуымен зерделеу жүргізілетінін ескертті. Себебі мердігер компаниялар жұмысына берілетін бір жылдық кепілдік мерзімі өткеннен кейін анықталған ақауларды қалпына келтіру мүмкін болмай қалуы ықтимал.

Бұдан бұрын Түркістан облысында 700-ден астам тік дренаж ұңғыма қалпына келтірілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью