Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістандағы орталық базарды аралап, қазіргі ахуалын бағалады.
Аралау барысында сауда орындарындағы санитарлық жағдай, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ келушілер мен сатушылар үшін жасалған жағдай назарға алынды. Әсіресе, автотұрақтың қолайлылығы, тазалық мәселесі басты бақылауда болды.
– Базардың ішкі жағдайы 90-жылдардан бері айтарлықтай өзгермеген. Оны қазіргі талаптарға сай жаңғыртып, тиісті жағдай жасау қажет. Мұнда шамамен 4 мыңға жуық саудагер еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр. Олар төлем жасап келеді, алайда соған лайықты жағдай қарастырылмаған.
Базар ішінде өрт қауіпсіздігі талаптары да толық сақталмаған, арнайы датчиктер орнатылмаған. Ал сауда орындарында резеңке сияқты тез жанатын бұйымдар бар. Өрт тұтана қалған жағдайда, оны дер кезінде сөндіру қиынға соғады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда екенін атап өтті.
Оның сөзінше, мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
– Түркістан – киелі шаһар, облыс орталығы әрі туристер көп келетін өңір. Сондықтан қаладағы әрбір нысан жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Осыған орай, базар аумағында қауіпсіздік талаптарын күшейту, санитарлық тазалықты сақтау және тәртіпті ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Халыққа да, қала қонақтарына да қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басты міндет, – деді ол.
Бұдан бұрын Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондар талапқа сай емес екенін жазған едік.