Түркістаннан әскерге шақырылғандардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды

19.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Түркістан қаласында көктемгі әскерге шақыру науқанының басталуына орай алғашқы шақырылушылар тобын ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне шығарып салу рәсімі өтті.

Фото: Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті

Салтанатты іс-шара барысында облыстан шақырылған 41 жас сарбаз Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарына мемлекеттік шекарада қызмет өткеру үшін аттанды.

Іс-шараға жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ Түркістан қаласының «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты.

– Бүгін облысымыздан Шекара қызметіне алғашқы шақырылушылар тобы еліміздің Алакөл және Зайсан аудандарына аттанып жатыр. Көктемгі шақыру науқаны аясында Түркістан облысынан Шекара қызметіне 18-27 жас аралығындағы 200-ден астам жас жігітті жіберу жоспарланған. Ал жалпы көктемгі науқанда облыстан шамамен 3000-ға жуық азамат әскер қатарына шақырылады. Бір жылдық мерзімді әскери қызметті өтеу үшін армияда барлық қажетті жағдай жасалған, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Қуанышбек Кулумбаев.

Оның айтуынша, қызметін аяқтағаннан кейін әрбір сарбаз жоғары оқу орындарына тегін түсуге немесе келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады.

Фото: Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті

Шақыру науқанының жоспарына сәйкес, алғашқы айда ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Одан кейін Қарулы күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне қабылдау жүргізіледі.

Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысы әскерді жасақтау жоспарын толық орындап, 5 мыңға жуық жас сарбазды қатарға қосты. Ал биыл өңірден шамамен 6 мың азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын хабарлағандай, биыл 850-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылатынын жазған едік. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью